Қырғызстанмен келісімге қатысты судың шуы қашан аяқталады – Ерболат Сатыбалдин


Депутат Ерболат Сатыбалдин Мәжілістің жалпы отырысында осы мәселені көтерді, деп хабарлады Elordainfo.kz.
«Қырғыз- қазақ бір туған. Тағдырымыз ортақ, тарихымыз ортақ, тауымыз ортақ, суымыз ортақ. Бірақ ортақ мәселелер халықтың игілігіне жұмыс істеуі керек қой, зиянына емес. Бапты қарап отырмын, осы шарттың 16-бабында суға қатысты мәселелерді тек қана жалпылай сипатта сипай қамшылап өтіпсіздер. Ал жаз шықса, Жамбыл облысындағы Талас-Шу өзендерінің бойындағы елден шу шығады. Ол шу суға байланысты. Осы мәселені қалай шешеміз? Бұл тек екі министрлікке қатысты мәселелер емес қой. Бұл екі ел арасындағы мәселе болғандықтан, Сыртқы істер министрлігіне де қатысты. Бұдан бұрын да қаралған бұл мәселелер. Мәселен, 20 жыл бұрын екі ел арасында ортақ кәсіпорын құру туралы жоспарланған. Ол мәселердің барлығы неге жұмыс істемейді? Біз елдің суға сұранысын қашан қанағаттандырамыз? Судың шуы қашан бітеді?» - деп сауал қойды депутат.
Сауалға Сыртқы істер министрлігінің бірінші орынбасары Ақан Рахметтулин жауап берді.
«Қырғыз Республикасының жағдайы бізге қарағанда сәл басқа. Мысалы, оларда минералды ресурстар жеткіліксіз. Сондықтан олар пайда табу үшін әртүрлі ресурстарды пайдалана береді. Сол себепті екіжақты келісімдегі ұстанымдары өте қатаң. Өздерінің мүдделері бар. Бірақ біз осыған байланысты Қырғыз Республикасымен жұмысты ілгерілетеміз», - деді Ақан Рахметтулин.



