Менің еңбегім балаларыма үлгі – астаналық тұрғын
Мемлекет басшысы 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялады. Бұл олардың беделін өсіру, абыройын арттыру мен жұмысын насихаттау арқылы еңбекқор қоғам қалыптастыруды көздейді. Қазақстанның еңбек нарығында өз ісінің нағыз мамандары саналатын отбасылар аз емес. Солардың бірі – Астана қаласында тұратын Жұмәділовтер әулеті, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Жұмәділовтер отбасы – слесарь мамандығын серік етіп, еңбек жолында биік белестерді бағындырған еңбекқор жандар. Отбасының тірегі Базарбай Оспанұлы – 2001 жылдан бері «Астана-Теплотранзит» АҚ-да қызмет атқарып, 23 жылдан астам уақыт бойы өзінің тәжірибесі мен біліктілігін ел игілігіне жұмсады. Оның еңбек жолы жылу желілерінің үздіксіз жұмысын қамтамасыз етуге және халыққа сапалы қызмет көрсетуге арналды.
Қазіргі таңда оның ізін жалғаған үш ұлы осы мекемеде қызмет етіп жүр. Болатбек «Астана-Теплотранзит» АҚ өндірістік-жөндеу қызметінде жылумен оқшаулау учаскесінің муфталы қосылыстардың монтажшысы, Бейсембек екінші ауданның жылу желілерін пайдалану қызметіне қарасты №6 учаскесінде жылу желілеріне қызмет көрсету жөніндегі слесарі, ал Бекболат үшінші ауданның жылу желілерін пайдалану қызметіне қарасты №1 учаскесінде жылу желілеріне қызмет көрсету жөніндегі слесарь болып жұмыс істейді.
Базарбай Жұмәділовтің бастамасымен ұлдары оның жолын қуып, жылу желілеріне техникалық тұрғыда қызмет етудің үздік үлгісін көрсетіп отыр.
Жұмәділовтер әулетінің жалпы еңбек өтілі - 70 жыл. Әулеттің әр мүшесі өз ісінде кәсіби жетістіктерге жетіп, саланың дамуына айтарлықтай үлес қосып келеді. Бұл – еңбекқорлық пен адал еңбектің шынайы үлгісі.
Базарбай Жұмәділов өзінің еңбек жолы арқылы ұлдарына адал еңбек етудің маңызын үйретіп қана қоймай, оларға шеберлік пен кәсібилікке деген сүйіспеншілікті сіңіре білді. Оның айтуынша, «Астана-Теплотранзит» АҚ - өз қызметкерлерінің еңбегін бағалап, лайықты баға беретін мекеме.
«Менің еңбегім балаларыма үлгі болды. Қазір олар да өз учаскелерінде бригадир болып абыройлы жұмыс атқарып жүр. Балаларым өз еңбектерімен саланың дамуына үлес қосуда», – дейді ол.
Ортаншы ұлы Бейсембек әкесінің ықпалымен кәсіби маманға айналғанын айтты.
«Мен бала кезімнен дәнекерлеуге қызығушылық таныттым. Әкемнің жанында жүріп, оның үйреткенін бойыма сіңірдім. 2003 жылы осы мекемеден тәжірибеден өтіп, содан бері тұрақты жұмыс істеп келемін», - дейді ол.
Үлкен ұлы Бекболат та әкесі адал еңбек етудің үлгісі болғанын жеткізді.
«Астана-Теплотранзит» АҚ-да әкеммен бірге қызмет еттік. Жанында жүріп, көп нәрсе үйрендім. Ол бізге адал еңбек етудің маңыздылығын сөзбен емес, ісімен көрсетті», – деп атап өтті.
Жұмысшы мамандықтар – қоғамның іргетасы. Жұмәділовтер әулеті секілді адал еңбегімен ерекшеленген отбасылар – еліміздің дамуына үлес қосатын шынайы патриоттар. Олардың еңбегі тек мекемеде ғана емес, бүкіл қоғамда үлкен құрметке ие.
«Биыл жұмысшы мамандықтарына ерекше назар аударылып отыр. Біздің мекеменің басты мақсаты – әр үйді жылумен қамту. Осы мақсатқа мекеме қызметкерлері үлкен үлес қосуда. Соның ішінде Жұмәділовтер отбасы ерекше орын алады. Олар – өнегелі отбасы», – деді «Астана-Теплотранзит» АҚ басқарма төрағасының өндіріс жөніндегі орынбасары Марат Сейітқазиев.
Бұдан бөлек, әулеттің әр мүшесі өз еңбегімен бірнеше мәрте марапатталған. Базарбай Оспанұлы «Кәсібінің ең үздігі», «Алтын қол шебері», «Энергетика саласының ардагері» секілді марапаттар мен «Еңбек даңқы» орденіне ие болған. Ұлдары да кәсіби еңбектері үшін құрмет грамоталарымен, Энергетика министрлігінің медалімен, «Үздік жас маман», «Үздік бригада», «Алтын қол шебері» сынды көптеген марапатқа ие. Мұндай марапаттар олардың өз ісіне деген адалдығы мен жоғары кәсібилігінің көрсеткіші.
Жұмәділовтер әулеті – еңбекқорлықтың, шеберліктің және адал еңбектің шынайы үлгісі. Олардың табысты еңбек жолы жас ұрпақ үшін үлкен өнеге болып қала бермек.