60 жыл теміржол саласында: астаналық Борис Исинаманов мемлекеттік награда алды


Бүгін Мемлекет басшысы «Dosjan temir joly» АҚ президентінің кеңесшiсi Борис Исинамановты «Қазақстанның көлік саласының еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағымен марапаттады, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Теміржол саласының ардагері Борис Исинаманов Ресейдің Оренбург облысындағы Сара станциясында теміржолшы отбасында дүниеге келген. Оның әкесі жолшы, ал анасы өткел кезекшісі болған. Кейін ол отбасымен Никельтау станциясына көшіп, ол сол жерде мектепті бітірген.
Ақтөбе теміржол техникумын тәмамдап, 1961 жылы жол монтаждаушысы болып еңбек жолын бастаған. Отан алдындағы борышын өтеген соң, Ташкент теміржол инженерлері институтының күндізгі бөліміне «жол құрылысы инженері» мамандығына оқуға түскен. 1971 жылы үздік студенттердің бірі ретінде Мәскеуде өткен Бүкілодақтық үздік оқушылар слетіне қатысқан.
Институтты бітірген соң, климаттық жағдайы күрделі аймаққа жататын Никельтау жол дистанциясын басқарған. Кейін жол бөлімінің бастығы, Ақтөбе бөлімшесінің бас инженері, жол және құрылыс жөніндегі орынбасары, кейін Батыс Қазақстан теміржолының Ақтөбе бөлімшесінің бастығы болған.
Осы қызметтерде жүргенде ірі инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асырды. Атап айтқанда, Қандыағаш, Эмба, Ақтөбе-2 ірі станцияларын қайта жаңғырту, екінші жолдарды салу, локомотив депосын кеңейту жұмыстарына атсалысты. 1984 жылдан бастап Батыс Қазақстан теміржолы басшысының орынбасары болды. Оның басшылығымен ондаған құрылыс және жобалау ұйымдары жұмыс істеп, тұрғын үй, әлеуметтік және өндірістік нысандар құрылысы белсенді жүрді.
1997 жылы «Қазақстан темір жолы» республикалық мемлекеттік кәсіпорны құрылған соң, бас директордың техникалық саясат жөніндегі орынбасары қызметін атқарды. 2001 жылға дейін қозғалыс қауіпсіздігі бойынша бас ревизор болды. Кейін Хромтау – Алтынсарин, одан кейін Жетіген – Алтынкөл және Арқалық – Шұбаркөл жолдарын салуды басқарды.
Борис Исинаманов сала инфрақұрылымын дамыту мен техникалық жаңғыртуға зор үлес қосты. Ол көптеген инженерлер мен басшыларға бағыт-бағдар берді.
Борис Исинамановтың еңбегі ерекше бағаланып, оған «В.И. Лениннің туғанына 100 жыл толуына арналған» медаль, «1945-1965 жылдардағы фашистік Германияны жеңудің 20 жылдығына арналған» медаль, «Құрметті теміржолшы» белгісі берілді. Сонымен қатар «Құрмет белгісі» мемлекеттік орденімен, III дәрежелі «Барыс» мемлекеттік орденімен, «Dosjan temir joly» акционерлік қоғамының «Адал еңбегі үшін» төсбелгісімен марапатталды.
Теміржол саласының ардагері Борис Исинамановтың еңбегі мемлекеттік деңгейде жоғары бағаланып келеді. Оның бүгінгі марапаты да теміржол саласындағы ерең еңбегінің айқын дәлелі болып табылады.



