Қазақстанда WorldSkills-2025 өңірлік чемпионаттары табысты өтті


2025 жылдың наурыз-маусым айлары аралығында Қазақстанның 20 өңірінде техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының қатысуымен WorldSkills-2025 өңірлік чемпионаттары өтті, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Жұмысшы мамандықтарын насихаттайтын ауқымды іс-шараға барлығы 5 044 студент қатысып, олардың жұмысын 5 759 кәсіби сарапшы бағалады. Чемпионаттар 600-ге жуық колледж базасында ұйымдастырылды. Жалпы алғанда 900-ден астам құзыреттілік қамтылды. Ең көп құзыреттілік ұсынылған өңірлер қатарында Ақтөбе (77), Ақмола (62), Батыс Қазақстан (60) және Қостанай (59) облыстары бар.
WorldSkills өңірлік чемпионаттары – жұмысшы мамандықтарының беделін арттырып, студенттердің кәсіби біліктілігін шыңдауға бағытталған маңызды алаң.
Чемпионаттар аясында колледждер мен жұмыс берушілер арасындағы байланыс нығайып, үздік қатысушылар дипломдар, медальдар мен арнайы сыйлықтармен марапатталды.
Айта кетейік, өңірлік чемпионатта үздік деп танылған студенттер осы жылдың желтоқсан айында Астана қаласында өтетін республикалық чемпионатқа жолдама алды.



