Қайырбек Көшекпаев су шаруашылығы саласында 18 жылдан бері еңбек етіп келеді

Су маманы, «Құрмет» ордені иегері Қайырбек Қуанышпайұлы су шаруашылығы саласында 2007 жылдан бері абыройлы еңбек етіп келе жатыр, деп хабарлады Elordainfo.kz Су ресурстары және ирригация министрлігіне сілтеме жасап.
Ол бүгінгі таңда «Қазсушар» РМК «Есіл су» филиалы Булаев өндірістік учаскесінің басшысы.
Еңбек жолын 2007 жылы «Есіл су» филиалы РЭУ-6 бөлімшесінде жүргізуші болып бастап, өз ісіне адалдығы мен жауапкершілігінің арқасында шебер, қызмет бастығы, инженер, аға инженер сынды түрлі лауазымдарды атқарды. 2016–2019 жылдары Петропавл қаласында өндірістік-техникалық бөлім инженері және пайдалану қызметінің басшысы қызметтерін абыроймен атқарды.
Кейін 2019–2020 жылдары Астана қаласында «Нұра топтық су құбыры» РМК-ның пайдалану департаментінің директоры болып еңбек етті. 2020 жылдан бастап қазіргі қызметінде өңірдің су жүйесінің тұрақты жұмысын қамтамасыз етіп келеді.
Қайырбек Қуанышпайұлы – Көкшетау мемлекеттік университеті мен Тараз мемлекеттік университетінің түлегі, «Қаржы» және «Су ресурстары және суды пайдалану» мамандықтары бойынша жоғары білім алған. Өңірдегі су инфрақұрылымын үздіксіз әрі сапалы қамтамасыз ету ісінде тәжірибесі мол, іскер басшы.



