«Автобус жүргізу – асыл арманым болды»: нәзік жанды астаналық жүргізушімен сұхбат

«Автобус жүргізу – асыл арманым болды»: нәзік жанды астаналық жүргізушімен сұхбат
Фото: Оңалхан Өнерхан

Астанадағы №1 автобус паркінде жүргізуші болып жұмыс істейтін 10-нан астам әйел бар. Солардың бір – Махаббат Бралинова. Қоғамдық көлікті тізгіндеген ару Elordainfo.kz тілшісіне сұхбат берді.

Өз кәсібіне деген сүйіспеншілік балалық шақтан бастау алған.

«Әкем өмір бойы шопыр болған. Петропавлда жалдамалы «Уазик» айдаған. Мен қасында кондуктор болдым. Кішкентайымнан техникаға жақын болып өскен мен әкемнің «ұл болмай қалған қызымын» десем де болады. Велосипед пен мопедтен басталған ерекше қызығушылығым есейе келе жеңіл автокөлік пен жүк көлігіне ұласты. Қазір В, С, Д категорияларын айдауыма болады», - дейді ол.

Техникаға деген қызығушылық оны 21 жасынан бастап троллейбустың руліне отырғызды.

«Тоқырау кезінде отбасымыздың тұрмысы төмен болатын. Қаражат болмағасын, атағы дардай оқу орындарын армандасам да, Петропавлдағы колледжге «Ауыр машина жасау зауытының кең профильді станокшысы» мамандығына грантқа оқуға түстім. Кейін жұмыс таба алмағасын, троллейбус паркінде кондуктор болып жұмыс істедім. Сол жерде Оля Бош деген жүргізуші әйел бар еді. Бір күні ол «Маха, сен неге троллейбусты үйреніп алмайсың?» деп мені қояр да қоймай троллейбустың руліне отырғызып, төңіректі айналдырып шықты. Маған оқу ақысының 5 мың теңгесін беріп, қалған 10 мың теңгесін әупірімдеп өзім тауып, 3 ай троллейбус жүргізушілігін оқып алдым. 2002 жылдан бастап Петропавлдағы троллейбус паркінде 10 жыл еңбек еттім», - деп еске алды ол алғашқы еңбек жолын.

Махаббат содан кейін біраз жыл темір тұлпардан қол үзіп қалады. Отбасын құрып, балалы болғасын, әйел адамға тән мамандыққа оқып, сол салаларда жұмыс істеп көреді. Дегенмен «автобус жүргізушісі болсам» деген арманы жылдар бойы көкірегін кернеп, маза бермейді.

«2012 жылы Астанаға көшіп келдік. Жарты жылдан соң, осы №1 автобус паркіне жұмыс сұрап келдім. Ол кезде автобустарды жалға беретін. Бастық «біздің паркте әйел жүргізуші онсыз да жетеді» деп мені жұмысқа алмады. Содан соң №3 автобус паркіне бардым. Ондағылар «линияға шықпасаңыз да, тапсырыспен жүретін автобусқа алайық» деді. Үйде отбасыммен ақылдастым, күйеуім мен балаларым «қайтесің, шықпай-ақ қойсаңшы» дегесін бұл ұсынысқа келіспедім.

Бұдан соң өзіміздің халықаралық әуежайда авиациалық қауіпсіздікті бақылайтын құжаттарды тексеруші инспектор болып жұмыс істедім. Жұмыс істеп жүріп, күндізгі бөлімде фельдшерлік оқып алғанмын. 5 жылдан соң әуежайдағы жұмысымнан шығып, елордадағы отбасылық денсаулық орталықтарының бірінде фельдшер болып жұмыс істедім. Бәрі жақсы болды, жаңа қызметім өзіме ұнайтын еді. Бірақ бәрібір орындалмаған арман тыныштық бермеді. Отбасыма не де болса автобус жүргізуші болғым келетінін айттым», - деді кейіпкеріміз.

Арманына адалдық танытқан Махаббат Кенжетайқызы жылдар салып №1 автобус паркіне ат басын тағы бұрады.

«Алғашында еңбек өтіліндегі ұзақ жылғы үзілісті көрген психолог маман ойланыңқырап, оқыту бөлімінің басшысымен ақылдасты. Кеңесе келе олар «көрелік» деді. Солайша былтыр құжаттарымды жинап, тесттен өтіп, қысқа мерзімді оқу оқып, автобус жүргізушілігіне 3 жылға сертификат алдым», - деді ол.

Қазір ол қаладағы №25 автобусты жүргізеді. Бұл автобустың басқалардан айырмашылығы – электрден қуат алуы. Бұл үшін арнайы мамандар автобус желіге шыққанға шейін қоғамдық көлікті ток көзімен қуаттап қояды екен. Автобус жүргізушісінің айтуынша, №25 автобус «Астана-Теплотранзит» АҚ-нан бастап ескі вокзалға дейінгі аралықта жолаушылар тасымалдайды. Ал бір айналымы 1 сағат 50 минутты қамтиды.

«Бағытымызда «Астана-Теплотранзит» мекемесі болғасын ба, кеңес кезіндегідей автобус толы жұмысшы мінеді. Сондықтан, әсіресе, таңертең және кешке аялдамаларға кешікпей жетуге тырысамын. Өйткені осы автобусқа сеніп шыққан адамдар жұмыстан кешігіп, ал кешке мектептен шыққан балалар далада тоңып қалуы мүмкін. Интервалымыз 10 минут шамасында, сондықтан «линияға» шығарда 1-2 минут болса да ертерек шығамын. Әрине кейде адамдар «автобус кешікті деп» шағым айтып жатады, дегенмен темірге сенім бар ма, кей кезде көліктер бұзылып қалып жатады. Мұндайда диспетчерлер болған жайтты хабарлап, ерте шығуымыз қажет екенін ескертеді», - дейді ол.

Кейде аялдамаларға жетпей, автобусты тоқтатуды талап ететіндер бар екен. Алайда бұған рұқсат жоқ,  әрі Махаббат тізгіндеген электрлі автобус аялдамада толық тоқтап, дөңгелегінің құлпы іске қосылмай аяқ асты есігі ашылмайды екен. Махаббаттың айтуынша, жүргізушіге дауыс көтеріп, айғайлап, шу шығарғандар кездеседі. Ол халықпен жұмыс істеу оңай емес екенін, мұндайда ашуға ерік бермей, қандай даулы мәселе болса да байыппен жауап беруге тырысатынын айтады.

«Жолдың жиегінде қария немесе бала кетіп бара жатқанын көрсем, олардың аяқ асты денсаулығы нашарлап құлап немесе жүгіріп өтуі мүмкін екенін ескеріп жылдамдықты азайтып, қашықтықты сақтауға тырысамын. Әйел адамның бір артықшылығы осында - ұқыптылығында шығар бәлкім», - дейді ол.

Ал бүгінде арманына қолы жеткен ол автобус рулінде төбесі көкке жеткендей сезімде екенін айтады.

«Әр адамның маңдайына жазған мамандық болатын болса, менің жолым – автобус жүргізушісі болу. Автобус жүргізушісі болғаным – орындалған арманым», - дейді Махаббат Кенжетайқызы.