42 жыл қоғамдық көлік саласында: Астана тұрғыны Президент қолынан марапат алды


Бүгін Президент Ақордада көлік саласының қызметкерлерін марапаттады. Олардың арасында қоғамдық көлік саласында 42 жылдан астам уақыт қызмет етіп келе жатқан Астана тұрғыны Гүлнар Омарова бар. Ол Астана қаласы «City Transportation Systems» ЖШС көлікті үйлестіру департаментінің операторы болып қызмет етеді, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Гүлнар Құрмашқызы «City Transportation Systems» ЖШС-де 9 жылдан бері жұмыс істейді.

Ол автобустардың уақытында шығуын бақылап, тапсырыстық маршруттарға тұрақты мониторинг жүргізеді. Жолдардың жабылуына және ауа райы қолайсыздығына байланысты маршрут өзгерген жағдайда хабарлайды және маршруттағы автобус бұзылып қалған жағдайда басқа автобустарды шығарады. Жол-көлік оқиғасы болса, оны тіркеп, есеп жүргізеді. Гүлнар Омарова автобустың борттық құрылғыларын жөндеу («Жүргізуші планшеті», «Валидатор» және т. б.) қажеттілігі туралы өтінішті беруді Help-Desk платформасында орындайды.
Көпжылдық тәжірибесі бар кейіпкеріміз жұмыс барысында көліктік бақылау департаментінің инспекторларымен жедел байланысты жүзеге асырады. Бір айта кетерлігі, Гүлнар Омарованың көлік саласындағы Avtobus, Metabase секілді бағдарламаларда жұмыс істеу тәжірибесі мол.
Гүлнар Омарова «Астана ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесі кезінде шетелдік туристер мен елорда қонақтары үшін қоғамдық көліктердің тәулік бойы жұмыс істеуін қамтамасыз етуде өз үлесін қосты.
Ал пандемия уақытында кейіпкеріміз қоғамдық көліктің медициналық мекемелер мен құқық қорғау органдары қызметкерлері үшін тұрақты жұмыс істеуін бақылады.
Айта кетейік, астаналық Гүлнар Құрмашқызы әріптестерінің ортасында сыйлы. Оны көпшілік ұқыпты, жауапкершілігі мол және командада жұмыс істей алатын қызметкер ретінде таниды.



