Талдықорғанда «BIKEN» халықаралық театр фестивалі өтеді

5 қыркүйек, 2025
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
views56
Талдықорғанда «BIKEN» халықаралық театр фестивалі өтеді
Фото: gov.kz

Жетісу облысы әкімдігінің қолдауымен Б.Римова атындағы Талдықорған драма театры 12 қыркүйекте 50 жылдық мерейтойын атап өтеді, деп хабарлады Elordainfo.kz.  

Мерейтой аясында қазақ театр өнерінің дара тұлғасы, Халық әртісі, КСРО және Қазақстанның Мемлекеттік сыйлығының иегері, Қырғызстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Бикен Римова атындағы «BIKEN» ІІІ Халықаралық театр фестивалі ұйымдастырылады.

Бұл өнер мерекесінің негізгі мақсаты – театр ұжымдары арасындағы шығармашылық байланысты арттыру, кәсіби ынтымақтастықты дамыту және халықаралық театр кеңістігіне интеграциялану. Сонымен қатар фестиваль қазақ мәдениетінде өшпес із қалдырған Бикен Римованың есімін мәңгі есте қалдыруға бағытталған. Ұйымдастырушылардың айтуына қарағанда, аталған іс-шара жас режиссерлер мен актерлердің, драматургтер мен суретшілердің жаңа буынын қолдап, олардың кәсіби дамуына серпін береді.

Халықаралық деңгейде өтетін фестиваль 12-17 қыркүйек аралығында Талдықорғанда сахналанады. Үшінші рет жалауын көтергелі отырған өнер додасына Грузия, Қырғызстан, Өзбекстан және Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген тоғыз театр ұжымы қатысады. Бұл қатысушылар шығармашылық ізденістері мен тың қойылымдарын көпшілік назарына ұсынбақ.

Фестивальдің сыншылар алқасында елге танымал өнер қайраткерлері бар. Олардың қатарында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығының екі мәрте иегері, Қырғыз Республикасының еңбек сіңірген артисі, режиссер әрі продюсер Досхан Жолжақсынов, театртанушы, профессор, «Құрмет» орденінің иегері Бақыт Нұрпейіс, Татарстан Республикасы Мәдениет министрінің кеңесшісі Нияз Игламов және Шота Руставели атындағы Тбилиси мемлекеттік театр және кино университетінің профессоры, өнертану докторы Гиорги Цкитишвили бар.

Мерейтой аясында өтетін бұл фестиваль Қазақстан театр өнерінің дамуына жаңа серпін беріп, халықаралық деңгейдегі шығармашылық байланысты нығайтуға ықпал етпек.