«Ставка на жизнь»: Астанада лудомания тақырыбын арқау еткен деректі фильмнің жабық көрсетілімі өтті

30 мамыр, 2025
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
«Ставка на жизнь»: Астанада лудомания тақырыбын арқау еткен деректі фильмнің жабық көрсетілімі өтті
Фото: Аяна Қабылбекова

29 мамыр күні елордадағы Kinopark 7 IMAX Keruen кинотеатрында «Хабар» агенттігінің тапсырысымен түсірілген «Ставка на жизнь» атты деректі фильмнің жабық көрсетілімі өтті. Фильм қазіргі қоғамда өзекті мәселеге айналған лудомания, яғни құмар ойындарға тәуелділік тақырыбын арқау еткен. Фильм режиссері - Сәби Байбосынов, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Шынайы оқиғаларға негізделген фильмде екі кейіпкердің тағдыры баяндалады. Бірі бала күнінен бастап құмар ойындарға бой алдырған, кейін бұл әдеті үлкен дертке айналып, отбасынан айырылып, жарты миллиард теңгеге дейін қарызға батқан. Екіншісі - бизнесі күйреп, депрессияға түсіп, букмекерлік ойындар арқылы өзін алдандырмақ болған азамат. Уақыт өте бұл әдет оның өмірін де күрт өзгерткен.

«Хабар» агенттігінің директоры Жайнагүл Төлемісованың айтуынша, фильм ең алдымен жастар мен ата-аналарға арналған. Себебі, оның келтірген дерегіне сәйкес, елімізде құмар ойындарға тәуелді азаматтардың саны 400 мыңнан асады, олардың ішінде едәуір бөлігі мектеп жасынан бастап ойынқұмарлыққа бой ұрған. Агенттік өкілінің сөзінше, фильм тек мәселені көрсетіп қана қоймай, қоғамның назарын аудартуға, ой салуға және алдын алу шараларына үндейді.

«Біз бұған дейін де депрессия тақырыбына арналған деректі фильмдер түсірдік. YouTube-тағы қаралымы 140 мыңға жетіп, мыңдаған пікір мен сұрақ келіп түсті. Бұл жолғы фильм де эфирден кейін YouTube желісіне жүктеліп, сол жерде аудиториямен кері байланыс орнатуға мүмкіндік болады деп сенеміз», – дейді Жайнагүл Төлемісова.

Фильмде келтірілген статистикаға сүйенсек, елімізде құмар ойындарға тәуелді адамдардың нақты саны белгісіз болғанымен, түрлі дереккөздерге сәйкес, бәс тігетін және ойын ойнайтын азаматтардың саны 400-500 мың адамға жеткен. Олардың 40%-ын әйелдер құрайды. 2025 жылдың наурыз айынан бастап Қазақстанда азаматтар үшін құмар ойындардан өз еркімен шектелу қызметі іске қосылды, қазіргі уақытта бұл тізімге 175 мың адам тіркелген.

«Ставка на жизнь» – тек фильм емес, қоғамды бейжай қалдырмауға шақыратын, шынайы оқиғалар арқылы ескерту беретін әлеуметтік жоба.

Мәтін авторы: Аяна ҚАБЫЛБЕКОВА