Соқпақбаев пен Тілендиевтің 100 жылдығы ЮНЕСКО көлемінде тойланады
2024 жылы қазақ халқының дарынды қос ұлы Бердібек Соқпақбаев пен Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдығы ЮНЕСКО көлемінде тойланатын болды, деп хабарлады Elorda.info.
Бұл туралы мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин өзінің Telegram-арнасында жазды.
ЮНЕСКО Бас конференциясының 42-ші сессиясында ЮНЕСКО-ның атаулы күндері тізбесіне 2024 жылы жазушы Б.Соқпақбаевтың және 2025 жылы әйгілі композитор, күйші Н.Тілендиевтің 100 жылдығын енгізу туралы Қазақстанның ұсынысы қолдау тапты. Қазақстан, Әзербайжан, Қырғызстан, Түркия, Түркіменстан және Өзбекстанның «Диуани лұғат ат-түрк» атты түркі тілдерінің тұңғыш энциклопедиялық сөздігінің 950 жылдығын атап өту туралы бірлескен ұсынысы да қабылданды. Сөздікті Махмұд әл-Қашқари 1074 жылы жазған. ЮНЕСКО Бас конференциясының бұл шешімдері қазақ мәдениетінің дүниежүзінде дәріптелуіне септігін тигізері сөзсіз, - деп жазды Ерлан Қарин.