Наурыз көжеде жеті дәм болуы міндетті емес - Ұлан Үмітқалиев
Ұлан Үмітқалиевтың айтуынша, ата-бабаларымыз наурыз көжені өлара кезеңде дайындаған, деп хабарлайды Elorda.info.
Наурыз көженің тарихы өте тереңде жатыр. Оны тек көже ретінде ғана айтатын болсақ, онда әңгімеміз қысқа және мардымсыз болар еді. Мәселе көжені сіміріп, қарын тойдырып ішіп алуда емес, керісінше үлкен тарихтың көрініс. Жалпы бұл көже ұлы далада мекендеген көшпенділердің өмірінде қажеттіліктен туындаған. Наурыз мейрамы деген қыстан аман есен шығу, қайта өмірге келу дегенді білдіреді. Қыс мезгілі көшпенді халық үшін қайта өмірге келумен пара-пар. Әрбір сай даланы мекендеген малшы қауым бір-бірімен қар еріген кезде көріскен. Бұл уақытты қазақта өлара деп айтады. Жаңа айдың туылып, ескі айдың біткеніне дейінгі аралықта, яғни наурыз-ақпан айларында адам өте әлсірейді. Ол уақытта мал төлдеп жатады. Жем-шөп бітіп, соғым еті де таусылады. Осы бір титықтатып кететін кезеңді халық «жаңа өмірге келгенмен бірдей» деп айтып жатады. Сондықтан да наурыз көже дайындалатын болған,- дейді ол.
Ұлан Үмітқалиевтің сөзінше, наурыз көжені дайындау үшін нақты құрамы жоқ.
Бүгінде наурыз көжеде жеті түрлі дәм болу керек деп рецепт жасап алған. Негізінде ешқандай рецепт жоқ. Біз бала кезден наурыз көжені ішіп өстік. Ол туралы ата-әжемізден естідік. Көже дайындайтын кезде қыстан аман-есен шықтық деп сүр ет пен майды қазанға салып пісірген. Қаптың түбінде қалған дәнді-дақыл болса соны да салып пісірген. Суға келетін болсақ, ол барлық үйде бар, сондықтан да оны рецептке қосып та керек емес. Кейін көжеге құрт қосады. Осының барлығын қосып көжені мол қылып жасаған. Сондықтан да көже пісіретін кезде жеті дәм болуы міндетті емес. Әркім үйінде бар дүниесін салады. Оны тіпті суық күйінде ішсең де өте құнарлы. Бұл көже кезіңде көшпенді халыққа күш берген. Бұл жерде мақсат қарын тойдыру емес, өлара шақтан аман шыққанына қуанып, туыс-туғандармен көрісіп, наурыз көже ішкен. Сондықтан да Ұлыстың ұлы мерекесінде наурыз көженің орны ерекше маңызды,- дейді ол.
Әңгіме барысында кейіпкерімізге «Түрлі дәмдер қосып, наурыз көженің дәмін өзгертіп жіберген жоқпыз ба?» деген сұрақ қойдық.
Елімізде әр өңірде наурыз көжені әртүрлі дайынды. Тіпті бір үйдің наурыз көжесі бір-біріне ұқсамайды. Мысалы оңтүстікте наурыз көже пісіретін кезде өзбек, тәжік пен түрікмен халықтары сияқты көжеге миіз, кептірілген өрік, ноқат қосады. Кейде нанды кесіп салып жатады. Негізінде наурыз көжені дәстүрлі түрде жасаса оған майлы сүр ет, езілген малта құрт, дәнді дақыл, тұз, су қосу керек,- дейді профессор.
Ұлан Үмітқалиұлы өз сөзінде, наурыз көже туралы көп айтыла бермейтін дерекпен бөлісті.
Бүгінде көженің көп сақталмаған ерекше қасиеті бар. Мәселен ол туралы Жүсіпбек Аймауытовтың «Күнікейдің жазығы» деген әңгімесінде айтылады. Әңгімеде қазақтың оқымысты жігіттері жиналып, көже қайнаттық оның ішіне жылқының басын салдық деп айтады. Қарап тұрсақ, ол кезде етпен бірге көжеге жылқының басын да салған. Сонымен бірге ескі дәстүрмен көрісу рәсімін жасадық деп айтады. Бүгінде көпшілік көрісу дәстүрі тек батыстікі деп айтады. Бірақ бұл қате түсінік, қазақта көрісу дәстүрі болған. Сондықтан да бұл дәстүрді жалғастыру қажет,- дейді ол.
Әдетте, көжені ыдысқа толтырып құйып береді. Бұл несібеміз ортаймасын, және дәм-тұзымыз мол болсын деген мағынаны білдіреді. Құйылған көжені тауысып ішу де маңызды. Себебі, берілген ырзықты тауысып ішу жақсылықтың бастауы ретінде бағаланған.