Мұрат Құсайынов: «Дос-Мұқасан» атауын венгрлік студенттер қойды
Бүгін аты аңызға айналған «Дос-Мұқасан» тобының құрылғанына 56 жыл толып отыр. Тұңғыш эстрадалық вокальдік ансамбль 1967 жылдың 1 тамызында құрылған болатын. Жарты ғасырдан астам тарихы бар өнер ұжымының туған күніне орай Elorda.info тілшісі «Дос-Мұқасанның» көркемдік жетекшісі, композитор, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Мұрат Құсайыновпен шағын сұхбат жасады.
-Мұрат аға, Сізді бүгінгі «Дос-Мұқасанның» құрылған күнімен құттықтаймын! 1967 жылы тамыздың 1-де Баянауылда «Дос-Мұқасан» ансамблі алғашқы концертін берген екен. Дәл осы жерді таңдау себептеріңіз неде? Сіздер ол кезде алматылық студенттер едіңіздер ғой...
- Көп рахмет, айналайын. Иә, дұрыс айтасың, біз ол кезде Алматыдағы Қ.И.Сәтбаев атындағы Қазақ политехникалық институтының студенттері едік. Бірақ ең бірінші концертіміз Баянауылда өтті. Өйткені сол тұста Павлодарда халықаралық құрылыс отрядында болдық. Сөйтіп, біз, өнерлі жастар жергілікті тұрғындарға және отряд жұмыскерлеріне алғаш рет концерт бердік.
- Ансамбльдің алғашқы мүшелері кімдер еді?
-Ансамбльдің алғашқы мүшелері Досым Сүлеев, Мұрат Құсайынов, Хамит Санбаев, Саня (Александр) Литвинов болды. Біз осы төртеуіміз сол Баянауылдағы отрядта жұмыс жасадық.
-Ал топтың атын қашан және кім қойды? «Дос-Мұқасан» деген атаудың мағынасын тағы бір түсіндіріп кетсеңіз...
-Концерттен кейін бізбен бірге отрядта жұмыста жүрген Венгр студенттері өнерімізге таң-тамаша болып, ризашылықтарын білдіріп жатты. Олардың отряд басшысы Янош Карпати: «Біз топтың атын ойластырып қойдық. «Дос-Мұқасан» болсын», - деді. Ол бұл атауды сол тұста танымалдылыққа ие болған «Лос- Парагвай» және «Лос-Анжелес» ансамбльдеріне еліктеп қойса керек. Яноштан біз де: «Топ аты қандай мағына береді?» - деп сұрадық. Ол: «Есімдердің алғашқы буындарын қостық», - деп жауап берді. Яғни, Дос – Досым, Мұ – Мұрат, Қа – Қамит, Сан – Саня, «Дос -Мұқасан» тобы!
-Ал сол алғашқы топ мүшелерінің қазір барлығының көзі тірі ме?
-Бүгінде сол төрт жігіттің үшеуі дін-аман. Тек Қамит Санбаев ағамыз өмірден өтіп кетті...
-Мұрат аға, сұхбатыңызға көп рахмет! «Дос-Мұқасан» ансамблінің ғұмыры ұзақ болсын!
Айта кетейік, "Дос-Мұқасан" эстрадалық вокальді аспаптар ансаблінің бір ерекшелігі – топтың қазақтың халық әндері мен күйлерін өңдеуінде. Олар сөйтіп бірте-бірте өздеріне тән орындау мәнерін қалыптастырды. Әрі алғаш рет "рок" стилін дәстүрлі әнмен ұштастырды.
Ансамбльдің көркемдік жетекшісі Мұрат Құсайынов болды, ал ансамбль құрамы екі рет (1975, 1985 жылдары) жаңарды. Топ құрамы кейін толыққан соң барлығы 19 адам болған.
"Дос-Мұқасан" тобының репертуарында жүздеген ән бар. Оның ішінде "Той жыры", "Құдаша", "Сұлу қыз", "Ғашықпын", "Дудар-ай", "16 қыз", "Институтпен қоштасу" әндері көпшілік арасында аса танымал.
Аты аңызға айналған топқа 2008 жылы Павлодарда, 2017 жылы Атырауда ескерткіштер орнатылды. 2022 жылы өнер ұжымының 55 жылдық мерейтойы республика көлемінде аталып өтілді.