Ұлы Абай қолданған самаурын ұлттық музейге табысталды
Ұлттық музей қорына ұлы ақынның қолданған заты кіші Тула самаурынын табыстау рәсімі өтті, деп хабарлады Elorda.info Мәдениет және спорт министрлігінің телеграмм арнасына сілтеме жасап.
1893 жылы жасалынған, тарихи құндылығы жоғары жәдігер Абай атындағы Халықаралық мәдениет пен өнерді қолдау қоры атынан беріліп отыр. Бұл – Семей қаласындағы меценат Бекбай Баисовтың керуен сарайында тұрған. Көне жәдігер Абай Құнанбайұлы бастаған қазақ зиялылары шай ішкен самаурын.
Мәдениет және спорт вице-министрі Арман Жүдебаев Абайдың қазақ мәдениеті мен руханиятына қосқан үлесін айта келіп, қазақтың бас ақыны атанған ұлы тұлғаның өмірі мен шығармашылығы әлі де толық зерттелмегенін атап өтті.
Қазіргі таңда Ұлттық музей қорында Абай Құнанбайұлына қатысты 42 сақтау бірлігін құрайтын жәдігер бар. Олардың арасында ақынның жеке пайдаланған құтысы, көзі тірісінде баспадан шыққан кітаптары және тағы басқа маңызды дүниелер бар.
Айта кетейік, бүгін, 10 тамыз бүкіл ел көлемінде Абай күні аталып өтуде.