Ұлттық музейде еліміздің солтүстік өңірінің мәдени мұрасы ұлықталды
Бүгін Ұлттық музейде «Сарыарқаның рухани, мәдени мұрасы» атты дөңгелек үстел өтті. Іс-шара аясында «Солтүстік Қазақстан облысының материалдық емес мәдени мұрасы: экспедициялық зерттеулер» кітабының тұсауы кесілді, деп хабарлады Elorda.info.
Солтүстік Қазақстан облысының материалдық емес мәдени мұрасы бойынша жарық көрген кітапта тың деректер көрсетілген.
Еңбекте облыстың үш ауданы бойынша жүргізілген музыкалық-этнографиялық кешенді экспедицияның бағыттары және жиналған материалдық емес мәдени мұра элементтері жанрлық ерекшеліктеріне қарай сұрыпталып, оларды сақтаушы 20-ға жуық мұрагер туралы мәліметтер екі тілде баяндалады.
Экспедиция барысында жазылып алынған 50-ден астам музыкалық шығарманың үш тілдегі түсіндірмесімен халық өнерпаздарының орындауында алғаш рет нотаға түсірілді.
Іс-шараға мемлекет және қоғам қайраткерлері, әдебиет және фольклортанушылар, этнография саласындағы көрнекті ғалымдар мен музей саласының мамандары қатысты.
Айта кетейік, кітаптың авторы - өнертану PhD докторы Ардаби Маулет. Ұлттық музейдің бөлім жетекшісі.
Қалиакбар ҮСЕМХАНҰЛЫ