Елорданың мәдени төлқұжаты: Астананың Жастар театрына 18 жыл


21 мамыр – Мәдениет және өнер қызметкерлері күні. Бұл – ел руханиятына үлес қосып жүрген өнер иелерінің еңбегі еленетін маңызды мереке. Осы күн аясында біз елорданың мәдени кеңістігінде айрықша орны бар Астана әкімдігінің Жастар театры туралы сөз қозғап, театрдың бүгінгі тыныс-тіршілігі, көрерменмен байланысы және қала мәдени өміріне қосып жатқан үлесі жөнінде театр директорының орынбасары Ақберген Қайрошұлы Жұмабаевпен сұхбаттастық, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
– Жастар театры қашан және қандай мақсатпен құрылды?
– Астана қаласы әкімдігінің Жастар театры 2007 жылы 5 шілде күні елорданың төл театры ретінде өзінің шымылдығын түрді. Елордамыз Алматыдан Астанаға көшірілгеннен кейін, жаңа қалаға өзінің театры керек екені белгілі болды. Ел ағалары осыған бастамашы болып, жаңа театр елорданың мәдени төлқұжаты болсын деген мақсат қойды. Бүгінде театрдың 18 жылдық тарихында халықаралық және республикалық байқаулардан 14 Гран-при жеңіп алғанын ерекше атап өткім келеді.
– Қазіргі таңда театр қандай бағытта жұмыс істеп жатыр?
–Театр классикалық шығармаларды ұмытпай, заман талабына сай заманауи бағыттағы қойылымдарды да сахналап келеді. Әмбебап әртістеріміз әмбебап қойылымдарда өнер көрсетіп жүр. Репертуарда балаларға арналған ертегілерден бастап, драмалар, музыкалық спектакльдер, мюзиклдер мен кіші формадағы қойылымдар бар.
– Көрермендеріңіздің орташа жасы қандай?
– Жастар театрына келетін көрермендердің орташа жасы – 18 бен 54 жас аралығы. Яғни жастар мен ересектер театрға тұрақты келіп, қойылымдарды тамашалайды.
– Театр құрамында қанша актер жұмыс істейді? Жас мамандарды қалай тартасыздар?
– Қазір театр труппасында 54 актер қызмет атқарады. Олардың көпшілігі – жас мамандар. Сол себепті жас кадрларды тарту мәселесі бізде жақсы жолға қойылған деп сеніммен айта аламын.
– Театрдың басқа қалалармен немесе елдермен байланысы бар ма?
– Әрине, бар. Жыл сайынғы гастрольдік сапарлар мен шетелдік фестивальдерге қатысуымыз – соның дәлелі. Көптеген елдермен меморандумдарға қол қойылған. Сонымен қатар Қазақстан бойынша ең көп қалаларды қамтыған театрмыз деп мақтанышпен айта аламыз.
– Сіздің ойыңызша, Жастар театры елорданың мәдени өміріне қандай үлес қосып отыр?
– Бұл театр тек елорданың ғана емес, жалпы Қазақстанның мәдениет саласына өз үлесін қосып отыр. Біз көрермендермен рухани байланыс орнатып, мәдениетті дамытуға атсалысып келеміз.
– Театр өнеріне қызығушылығы бар жастарға қандай кеңес берер едіңіз?
– Театрға келіңіздер. Адам өз көзімен көріп, жүрегімен сезінбесе, театрдың құдіретін түсіну қиын. Сахнадағы оқиғаларды жан-тәнімен бастан өткергенде ғана, театрдың шынайы әсерін сезінуге болады.
Дайындаған Асылжан МЕЙРАМОВА