Елордалық оқушылар көне ұлт аспаптарымен танысты
16 наурыз – Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күні. Осыған орай, Е.Рахмадиев атындағы Мемлекеттік Академиялық филармониясында «Ұлт аспаптар әлеміне саяхат» атты іс-шара өтті, деп хабарлайды Elorda.info.
Іс-шарада «Сарыарқа» халық музыкалық ансамблі және оның көркемдік жетекшісі Мәдениет саласының үздігі Тожан Жахин оқушыларға шеберлік сабағын өткізіп, әртүрлі фольклорлық аспаптар туралы мәлімет берді. Мәселен, жиі тыңдай бермейтін адырна, жетіген, саз сырнай, сырнайдың түрлері, қобыз және нар қобыз, домбыра және оның түрлерімен танысты.
Бүгін – Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күні. Ал жас ұрпақ мәдениетті бала күнінен бастап бойына сіңіреді. Сондықтан біз екі жылдан бері мектептермен тығыз байланыс орнатып, оқушыларға қазақтың ұлттық аспаптарын таныстырып келеміз. Міне, бүгін де филармониямызда «Сарыарқа» халық музыкалық ансамблі мектеп оқушыларына түрлі саз аспаптарының үнін естіртіп, паш етіп отыр. Бала бұл жерде тек көруші, тыңдаушы болып қана отырмайды, өздері де сол аспаптарды ойнап көреді. Мысалы, ұлттық аспабымыз - Ортекенің өзі қандай қызық?! Өнермен осылайша жақын танысқан жеткіншектер аспаптарды ойнауға деген қызығушылықтары оянып, үйірмелерге қатысатын болады. Біздің мақсатымыз да сол – балалардың ұлттық өнерге деген сүйіспеншілігін ояту, - дейді Е.Рахмадиев атындағы Мемлекеттік Академиялық филармонияның директоры Ерлан Дәкенов.
Іс-шарада оқушылар қазақ халқының халық музыкасы туралы көп мәлімет алумен қатар, көптеген шығармаларды кәсіби сазгерлердің орындауында тыңдады.