Елордада журналист-жазушы Әскен Нәбиевтің 100 жылдығына орай еске алу кеші өтеді
Елордадағы ҚР Қарулы Күштерінің Ұлттық әскери патриоттық орталығында 12 мамырда сағат 18.30-да ІІ дүниежүзілік соғыс ардагері, КСРО және Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, белгілі журналист-жазушы Әскен Нәбиевтің 100 жылдығына арналған «Бармысыңдар, армысыңдар, бабалар!» атты еске алу кеші өтеді, деп хабарлады Elorda.info.
Кеште Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткерлері Естай Мұқашев, Арайлым Рахымқызы, Халықаралық байқаулардың лауреаттары Бейбіт Қорған, Парасат Отан, Ақбота Құснадин, Әкімхан Маженов, Нұржан Мейрхан, Қайрат Ержанұлы, Гүлнар Орынбайқызы және Гиннестің рекордтар кітабына енген «Қорқыт» этно-ансамлі өнер көрсетеді. Сондай-ақ кеш аясында жазушының өмірі мен шығармашылығына арналған фотокөрме ұйымдастырылады.
Еске сала кетейік, Әскен Нәбиевтің 100 жылдық мерейтойы Мәдениет және спорт министрлігінің «2023-2025 жылдарға арналған мерейтойлар мен атаулы күндердің тізбесін бекіту туралы» 2023 жылғы 24 ақпандағы № 60 бұйрығына сәйкес биыл республикалық деңгейде аталып өтіледі.
Мерейтой аясында ғылыми-тәжірибелік конференциялар, көрмелер, республикалық үздік шығармалар және көркемсурет байқаулары және т.б. іс-шаралар ұйымдастырылатын болады.