Қаллеки театры халықаралық фестивальге қатысады
Қалибек Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театры Ғ.Мүсіреповтің «Баян Сұлу – Қозы Көрпеш» музыкалық драмасымен Қырғызстанда өтетін «ART-ORDO – 2023» халықаралық театр фестиваліне қатысады, деп хабарлады Elorda.info.
Биыл IX мәрте өтетін фестиваль – КСРО Халық артисі, қырғыз халқының көрнекті театр және кино актрисасы Бакен Кыдыкееваның 100 жылдығына арналады.
«АRT-ОРДО» – Орталық Азияның театр кеңістігіндегі жаңашылдық пен сахналық ізденістерді арқау ететін ең беделді халықаралық театр фестивалі.
Фестивальге Әзірбайжан, Ресей, Түркия, Қазақстан, Өзбекстан және Түрікменстан театрлары қатысады. Әр ел соңғы екі жылда шыққан үздік қойылымдарын ұсынады.
Қаллеки театрының «Баян Сұлу – Қозы Көрпеш» қойылымының премьерасы былтыр өтті. Қоюшы режиссері – Р.Туминастың шәкірті, Е.Вахтангов атындағы Мәскеу академиялық драма театрының режиссері Гүлнәз Балпейісова. Жаңаша үнде көрерменімен қауышқан қойылым «TEATRALL» ІІ халықаралық театр фестивалінде көрсетіліп, театр сарапшыларының жоғары бағасын алды. Спектакль театрдың халық аспаптар ансамблінің сүйемелдеуімен өтеді.
Фестивальде «Үздік спектакль», «Үздік режиссура», «Үздік сценография», «Үздік музыкалық сүйемелдеу», «Үздік ер адам рөлі», «Үздік әйел рөлі», «Үздік ІІ пландағы актер», «Үздік II пландағы актриса», «Үздік актерлік ансамбль» номинациялары беріледі, «Үздік эпизод», «Үздік дебют», «Көрермен сыйлығы» және «Қазылар алқасының арнайы сыйлығы» номинациялары бойынша марапатталады.