00:00
Астана -10oC
USD:
473.29
EUR:
512.81
RUB:
5.47
Іздеу

1 200 шақырым: елімізде «Ұлы дала жорығы» марафон-бәйгесі басталды

1 200 шақырым: елімізде «Ұлы дала жорығы» марафон-бәйгесі басталды

«Қазанат» атшабарында «Ұлы дала жорығы» атты республикалық тұңғыш марафон-бәйгенің ашылу салтанаты өтті. Қатысушылар елордадан бастап, Ақмола, Қарағанды, Ұлытау, Қызылорда және Түркістан облыстарын қамтитын бағытта 1 200 шақырымды еңсереді, деп хабарлады Elorda.info.

Ашылу салтанатында еліміздің Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент және 16 облыстан келген командалар таныстырылды. Әр өңірдің 5 шабандозынан құрылған командалар, жалпы 100 қатысушы қаз-қатар бір сапта жүріп өтті.

Спорттық іс-шараға Amanat партиясының төрағасы Ерлан Қошанов қатысып, барлық қатысушыларға Мемлекет басшысының құттықтау хатын жеткізді.

Бүгін «Қазақ жігіттері алға!» деп жар салатын күн. Ұлттық спортты дамытуға және дәстүрімізді дәріптеуге арналған аламан жарыс елімізде тұңғыш рет өткізіліп отыр. Адамзат тарихында жылқы ең бірінші қазақ жерінде қолға үйретілгені белгілі. Біздің бабаларымыз ат үстінде жүріп қазақ жерін қорғап, маңызды шешімдер шығарған. Бүгінгі ұрпақ сол көшпенділер мәдениетінінң заңды мұрагері. Осы жарысқа әр өңірден келген шабандоздар кең байтақ қазақ жерін атпен жүріп өтеді. Бұл нағыз азаматтардың батылдығын көрсететін, жылқының төзімділігін дәлелдейтін дода. Баршаңызға сәттілік тілеймін!,- деп айтты партия төрағасы.  

Ашылу салтанатына қатысқан Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев пен елорда әкімі Алтай Көлгінов те барлық қатысушыларға сәттілік пен амандық тіледі.

Қарағанды облысы Қарқаралы ауданынан келген Асқар Оханов марафон-бәйгеге қатысу арқылы өзінің арманың орындамақ.

Мен 11 жыл бойы ат спорты саласында жүрмін. Бұл жарыс менің арманымды орындайды деп ойлаймын. Ат үстінде Қазақстан жерін жүріп өткім келіп еді. Сол арманым орындалуға жақын. Марафон-бәйгеге күнделікті дайындалдық. Ұзақ жол болғандықтан аттарды жақсылап күттік. Тәртіп бойынша аман-есен жарты жолды жүріп өткен соң, аттарымызды ауыстырамыз,- дейді жылқышы Асқар Оханов.

Марафон-бәйге ертең таңғы 07.00-де Қаражар ауылынан басталады, 29 қыркүйекте Түркістанда аяқталады. Оған еліміздің әр өңірінен бір команда қатысады әрі мәреге 12 күн ішінде атпен жетуі тиіс. Шабандоздар мәреге жету үшін күніне 100 шақырымды жүріп өтуі қажет. Қатысушыларға түркілердің киелі жерлері – Жошы хан, Алаша хан кесенелері, сондай-ақ Қазақ хандығының алғашқы астанасы Созақ қаласы пен түркі руханиятының бесігі Түркістан қаласы сияқты тарихи орындарға, Әзірет-Сұлтан кесенесіне зиярат жасауға мүмкіндік туады.

Жеңімпаз команда 30 млн теңге, 2-орын иегері – 20 млн теңге, 3 орын үшін 15 млн теңге алады.

Айта кету керек, марафонды өткізу кезінде барлық қатысушылар талапқа сай жабдықталған демалыс орындарымен, ас-ауқатпен және қажетті медициналық көмекпен қамтамасыз етіледі.