00:00
Астана -10oC
USD:
473.29
EUR:
512.81
RUB:
5.47
Іздеу

Елордада түрік ақыны Юнус Эмренің таңдамалы өлеңдер кітабының тұсаукесері өтті

25 ақпан, 2023
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
Елордада түрік ақыны Юнус Эмренің таңдамалы өлеңдер кітабының тұсаукесері өтті

Іс-шараға ақын-жазушылар, зиялы қауым өкілдері, Түркияның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі, дипломатиялық миссия өкілдері қатысты.

2021 жыл ЮНЕСКО және Түркия Республикасының Президенті Режеп Тайип Ердоған тарапынан өмірден озғанына 700 жыл толған, түрік тілінің ең көрнекті тұлғаларының бірі Юнус Эмре және түрікше жыл болып жарияланды.

Юнус Эмре - Анадолы жұртында Яссауидың мектебін жалғастырушы ақын, өлеңдерін Яссауи жолымен түсіндіріп жазған. Өлеңдерінің идеясы адамзатты сүюге, ақиқатқа, сабырға, яғни адамзаттық құндылықтарға үндейді.

Осы айтулы оқиғаға орай Юнус Эмре түрік мәдениет орталығы мен Қазақстан Жазушылар одағы Нұр Сұлтан филиалы «Юнус Эмренің таңдамалы өлеңдері» атты жинақты қазақ тіліне аударып, кітап етіп басып шығарды. Кітап түрік профессоры Эрдоған Боз дайындаған мәтінді негізге ала отырып аударылды. Ақынның 13-14 ғасырларда жазған «Насихаттар кітабы» және «Диуан» жинағының 72 өлеңін Эрдоған Боз қазіргі түрік тіліне ыңғайлап, мәтін түрінде дайындап шықты.

Мәтінді жолма-жол Юнус Эмре түрік мәдениет орталығы директорының міндетін атқарушы Ph.Dr. Алмагүл Исина қазақ тіліне аударды. Ал 19 қазақ ақыны осы мәтінді өлеңге айналдырды. Диуан жинағы – Юнустың ақындығының шыңы деп саналады. Жарық көрген кітапта қазақша аударма мен 13-14-ғасырлардағы түрікше түпнұсқасы бірге ұсынылған.

Жазушылар одағы Нұр Сұлтан филиалының төрағасы Дәулеткерей Кәпұлы Юнустың кітабының аудармасына байланысты ойларын бөлісті.

Юнус Эмре жылына байланысты Түркияның Юнус Эмре институты мен Қазақстан Жазушылар одағы Нұр Сұлтан қалалық филиалы бірлесіп, Юнустың 72 өлеңін қазақ тіліне аударып, кітап етіп басып шығарды. Бұл жобаға Қазақстанның ең талантты 19 жас ақын-аудармашысын қатыстырдық. Себебі жаңа ақындар, жас ақындар - қазіргі Еуропаның да, Батыстың да, Шығыстың да өлең өрнегін білетін ізденімпаз, бүгінгі әдебиетке өзіндік қолтаңбасымен келген ақындар. Юнус Эмре жырларының аудармасына ерекше өрнек береді деп ойладық. Қазақ ақындарының ішінде Юнустың жырларын ертеден аударып жүрген айтулы шайырларымызды – Несіпбек Айтұлы, Ұлықбек Есдәулет, өткенде ғана Юнустың жырларын жеке кітап қылып шығарған Светқали Нұржанды атап өтуге болады. Бұл кісілердің аудармаларының орны бөлек. Дегенмен жастардың жаңаша көзқарасын Юнустың жырларында танығымыз келді, - деді Дәулеткерей Кәпұлы.

1000 данамен жарық көрген Юнустың таңдамалы өлеңдер жинағы Қазақстанның облыс орталығындағы барлық кітапхана мен университеттерге, ақындар мен жазушыларға  тарту етіледі.