00:00
Астана -10oC
USD:
473.29
EUR:
512.81
RUB:
5.47
Іздеу

Түрік ақынының өлеңдері қазақ тіліне аударылды

25 ақпан, 2023
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
Түрік ақынының өлеңдері қазақ тіліне аударылды

2021 жыл ЮНЕСКО және Түркия Республикасының Президенті Режеп Тайип Ердоған тарапынан түріктің ең көрнекті тұлғаларының бірі Юнус Эмре және түрікше жылы болып жарияланды.

Юнус Эмре – Анадолы жұртында Яссауидың мектебін жалғастырушы ақын, өлеңдерін Яссауи жолымен түсіндіріп жазған. Өлеңдерінің идеясы адамзатты сүюге, ақиқатқа, сабырға, яғни адамзаттық құндылықтарға үндейді.

Осы айтулы оқиғаға орай Юнус Эмре түрік мәдениет орталығы мен Қазақстан Жазушылар одағының Нұр-Сұлтан филиалы «Юнус Эмренің таңдамалы өлеңдері» атты кітапты қазақ тіліне аударып, кітап етіп басып шығарды. Кітап түрік профессор Эрдоған Боз дайындаған мәтінді негізге ала отырып аударылды. Ақынның 13-14 ғасырларда жазған «Насихаттар кітабы» және «Диуан» жинағының 72 өлеңін Эрдоған Боз қазіргі түрік тіліне ыңғайлап мәтін түрінде дайындап шықты.

Аталған мәтінді жолма-жол Юнус Эмре түрік мәдениет орталығы директорының міндетін атқарушы Ph.Dr. Алмагүл Исина қазақ тіліне аударды. Ал, 19 қазақ ақыны осы мәтінді өлеңге айналдырды. «Диуан» жинағы – Юнустың ақындығының шыңы деп саналады. Жарық көрген кітапта қазақша аударма мен 13-14 ғасырлардағы түрікше түпнұсқасы бірге ұсынылған.

Қазақ ақындарының ішінде Юнустың жырларын ертеден аударып жүрген айтулы шайырларымызды – Несіпбек Айтұлы, Ұлықбек Есдәулет, Светқали Нұржанды атап өтуге болады. Бұл кісілердің аудармаларының орны бөлек. Дегенмен жастардың жаңаша көзқарасын Юнустың жырларында танығымыз келді. Ақындарға жұмыс процесінде өлеңнің өзінің түп мағынасынан, қазығынан ауытқымайтындай етіп аудару туралы ұсыныс жасадық. Біздің 19 ақынымыз өлеңдерді тамаша етіп аударып берді, – деді Жазушылар одағының Нұр-Сұлтандағы филиалының төрағасы Дәулеткерей Кәпұлы.

1000 дана жарық көретін Юнустың таңдамалы өлеңдері жинағы Қазақстанның облыс орталығындағы барлық кітапханалар мен университеттерге, ақындар мен жазушыларға тарту етіледі.

Кітаптың тұсаукесері 11 наурыз күні сағат 15.00-те Нұр-Сұлтандағы ҚР Ұлттық академиялық кітапханада өтеді.