«Олжас Сүлейменов» арт-альбомының тұсаукесер рәсімі өтті
Туынды танымал ақын, мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақстанның Еңбек Ері Олжас Сүлейменовтің 85 жылдығына орай шығарылған.
Ә.Қастеев атындағы ҚР Мемлекеттік өнер музейінің директоры Гүлмира Шалабаева кітаптың авторы әрі демеушісі ТҮРКСОЙ ұйымының Бас хатшысы Дүйсен Қасейінов, ал баспагері Берік Барысбеков екеніне тоқталды.
Бұл кітаптағы өлеңдер ағылшын тілінде жазылған, себебі әлемді қазақ халқының мәдениетімен таныстыру қажет болды. 2000 данамен жарық көрген кітап бүкіл әлемге тарады. Сондай-ақ, кітапта әр өлең иллюстрациямен бірге ұсынылған. Мақсат – оқырманның рухани санасын ояту. Альбомда Салихитдин Айтбаев, Евгений Сидоркин, Досбол Қасымов, Мейіржан Нұрғожин, Николай Газеев және түркітілдес елдердің басқа да суретшілерінің жұмыстары жинақталған, - деді Гүлмира Шалабаева.
Олжас Сүлейменов ТҮРКСОЙ ұйымының мемлекеттер арасында бейбітшілік орнатудағы зор еңбегін атап өтті.
Түрлі мәдениет пен халықты жақындастыру өте маңызды. Сонда ғана әлемде бейбітшілік болады. Бүгінде мәдениеттер жақындасуының халықаралық онжылдығының да аяқталып қалғанын көріп отырмыз. Әлемде бірлікті ту ететін осындай бастамалар көп болуы тиіс, - деді ол.