00:00
Астана -10oC
USD:
473.29
EUR:
512.81
RUB:
5.47
Іздеу

Нәзипа Құлжанова. Оның жеке іс қағаздары қайда

Нәзипа Құлжанова. Оның жеке іс қағаздары қайда

Қазақ руханиятының тарам-тарам салалары біртіндеп зерттеліп жатыр. ХХ ғасырдың бірінші жартысындағы саяси-әлеуметтік оқиғалар мен тарихи тұлғалардың арнайы зерделенуінің үлкен үрдіске ұласуы қуантатын жағдай. Десе де осынау дүрбелең тұстағы қазақтың көрнекті тұлғаларының бірі Нәзипа Құлжанованың да қайраткерлік, шығармашылық, мәдени-ағартушылық мұрасы ғылыми тұрғыдан бағалауды қажет етеді деп есептейміз. Ағартушылық еңбегі мен ұлттық мәдениеттің озық үлгілерін насихаттаушы, қазақ сахарасында мәдени-этнографиялық кештер өткізу дәстүрін қалыптастырушы ретіндегі ұлан-ғайыр қызметі де атаусыз қалмауы керек-ақ, деп жазады Elorda.info тілшісі.

ХХ ғасырдың 20-30-жылдары тарих сахнасына шыққан қайраткерлердің көбінің өмірі репрессиямен аяқталғаны анық. Олар қуғын-сүргіннен бас көтере алмай, ақырында өмірлерімен қош айтысты...
Осы тұрғыда әйдік академик Манаш Қозыбаев: «Егер тарих ғылымының алдында тұрған міндеттерді бетбұрыс кезеңінің талаптары тұрғысынан саралайтын болсақ, тарихшылардың туған халқы алдындағы қарызы белшесінен екені айқын көрінеді. Жарты ғасырдан астам уақыт бойы тарих ғылымы алдымен сталиндік жосықсыздықтардың, содан кейін валюнтаризм мен субъективизмнің, тоқырау идеологиясы мен психологиясының шырмауында болып келді...» – деп жазған болатын. 

Ағартушы, ұстаз, әлеумет қайраткері, журналист, жазушы, аудармашы Нәзипа Сегізбайқызы Қазақстанның ХХ ғасыр басындағы аса күрделі қоғамдық-саяси істеріне араласты. Оның ел тарихындағы қайшылықтар мен өзгерістерге толы дәуірде өз жолын тапқаны анық. Ендеше қайраткер тұлғаның өмірін зерттеу, атқарған еңбегі мен қалдырған рухани мұрасына лайықты баға беру тарих ғылымының еншісінде. 

Құлжанованың өмірі және қоғамдық-ағартушылық қызметі туралы кандидаттық диссертация қорғаған тарихшы Гүлжан Кәріпжанова Нәзипа Сегізбайқызы туралы бірқатар маңызды жайтты алға тартады. Айта кету керек, бүгінде ол басқа салада қызмет етеді, Алматыда тұрады. 

2003 жылы жазған монографиямызда оның (Нәзипаның – автор) өткен ғасырдың 20-30-жылдарында мерзімді баспасөзде жарық көрген, бірақ көпшілік назарынан тыс қалып келген мақалалары, очерктері, аудармалары алғаш рет жан-жақты талданып, сараланған еді. 2012 жылы кітап болып басылып шықты. Сөйтіп, Н.С. Құлжанованың ұлттың өрлеуін анықтар біртуар тұлға ретіндегі тарихтағы орнын белгілеу мүмкіндігі туды, – дейді Гүлжан Арапқызы. – Зерттеу жұмысының методологиялық негізін анықтауда тарихшыларымыздың соны теориялық ой-байламдарын назарда ұстадық. Бәз зерттеп отырған кезеңге тікелей қатынасты М. Қозыбаевтың, К.Нұрпейісовтің, М.Қойгелдиевтің, Ж.Абылхожиннің, Қ.Атабаевтың, т.б. еңбектерін диссертация жазу барысында басшылыққа алдық. Жұмыстың дереккөзі ретінде түрлі архив құжаттары, ертедегі мерзімді басылымдар сұрыпталып, пайдаланылды. 

1887 жылы Қостанай облысы Жанкелдин ауданында дүниеге келген Нәзипа Сегізбаева зайыбы Нұрғалимен бірге Семейге қоныс аударады. Құлжановтардың туған өңірлерінен кетуіне қатысты екі түрлі пікір айтылады. Біз кейіпкерімізден осы жөнінде сұрадық. 

Нәзипаның туған жері мен дүниеге келген мерзімін айғақтай түсетін дерек жазушы М. Имашевтің мақаласында келтірілген, – дейді ол. – «По вашей просьбе сообщаю коротко биографические данные моих родителей. Назипа Сегизбаевна Кульджанова родилась в 1887 году в г. Тургае в бедной семье. Училась в Тургае в приходской школе, а затем окончила Кустанайскую женскую прогимназию. Умерла она в марте 1934 года в Алма-Ате. Нургали Кульджанович родился в 1870 году в Тургайском уезде Кустанайской губернии. Остальные сведения Вы имеете. С уважением Кульджанова Гульжихан Нургалиевна. 30.01.1987 г.».  

Гүлжихан Нұрғалиқызының Имашевқа жазған бұл хаты оның жеке архивінде сақтаулы. Нәзипа әуелде Торғай қаласындағы приходская мектебінде оқып, 1902 жылы Қостанайдағы прогимназияны бітірген. 1903-1904 жылдары Торғайдағы әйелдер училищесінде мұғалім болған. Ерлі-зайыпты Құлжановтар Семей қаласына 1905 жылы келіп, ұстаздық қызметтерін бастаған секілді.  

Иә, жаңа өзіңіз айтқандай, олардың Семейге келуін зерттеушілер екі түрлі жағдаймен түсіндіреді. Бірінші пікірде 1905 жылы ішкі Ресейден көтерілген төңкеріс толқыны қазақ ауылына жетіп, яғни Құлжановтар патша сақшыларының «назарына ілікті» десе, екінші уәжде Н.Құлжанованың ата-анасының ескі әдетпен қызы үшін қалың мал алып қойғандығы айтылады, - деді Гүлжан Кәрібжанова. - Санкт-Петербург қаласының мұрағаттар қорынан алынған деректе төмендегідей жайт көрсетілген: «Конечно, Сегизбаевой не хотелось идти в замужество на положении проданного существа, за совсем чужого ей человека, возвратить калым не имелось средств, почему она и обратилась к военному губернатору, области с просьбой оказать ей в этом положении помощь, каковую она и получила».

Екі пікірдің де өмір сүруге құқы бар екені дау туғызбайды. 

Оның айтуына қарағанда, ерлі-зайыпты Құлжановтар Семейге келген кезде бұл қала Қазақстандағы ірі мәдени-ағарту орталығы болған. Оның үстіне Абай Құнанбайұлы, Шәкәрім Құдайбердіұлы, Мұхтар Әуезовтерге, Шоқан Уәлиханов пен орыс жазушысы Федор Достоевскийге мекен болғаны белгілі. 

ХІХ ғасырдың екінші жартысында Семей қаласында түрлі мәдени, ағарту, ғылыми мекемелердің ашылуы кездейсоқ жағдай емес еді. Сол игі істердің ХХ ғасырдың басында жалғасын табуы қала өміріндегі қайталанбас тарихи оқиғалар қатарында. Атап айтқанда, 1902 жылы орыс географиялық қоғамының Семейдегі бөлімшесі ашылды. Оның «Жазбалары» жүйелі түрде жарық көрсе, 1903 жылы ірі оқу орны – Семей оқытушылар семинариясы ашылды, 1912 жылы қалада «Жәрдем серіктігі» баспаханасы ұйымдастырылып, 8 кітап жарыққа шықты. Семейде 1917-1918 жылдары «Сарыарқа» газетінің, «Абай» журналының, 1919 жылы «Знамя борьбы и труда», «Қазақ тілі» газеттерінің, 1925 жылы «Таң» журналының шығуы мәдени өмірдегі айтулы оқиғалар саналады, – дейді Г. Кәріпжанова. 

Оның айтуынша, Құлжановтар Семей оқытушылар семинариясына мұғалімдік қызметке келген. Бұл іргелі оқу орны болған. Онда қазақтың ұлы жазушысы Мұхтар Әуезов пен ұлы ғалымдар – Қаныш Сәтбаев пен Әлкей Марғұлан білім алған. Семей оқытушылар семинариясы 1903 жылдың 1 шілдесінде ашылған. Құлжановтар онда ұзақ әрі жемісті жұмыс істейді. 

Семей демекші, сөз орайы келгенде айта кетейік, ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында Семей қаласына ерекше статус беруді тапсырғаны белгілі. 

Семей өңірі – қазақ тарихындағы киелі өлкенің бірі. Сондықтан, елдің рухани дамуында ерекше орны бар Семей қаласын тарихи орталық ретінде белгілеген жөн. Ұлы Абай мен Шәкәрімнің, Мұхтар Әуезовтің кіндік қаны тамған өңір айрықша құрметке лайық. Осыған орай, шаһарды әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан кешенді түрде дамытып, ондағы тарихи-мәдени нысандарды жаңа талапқа сай жаңғыртамыз. Үкіметке бұл мәселеге байланысты тиісті шаралар қабылдауды тапсырамын, - деп жазды Мемлекет басшысы мақаласында.  

Десе, дегендей-ақ, күллі алаш жұртына пана болған бұл шаһарда ұлтымыздың маңдайына біткен марғасқа перзенттері білім алып, жемісті еңбек етті. Оған жоғарыдағы сөзіміз айқын дәлел бола алады. 

Хош. Дәл осы Семей қаласында Нәзипа Сегізбайқызы күнделікті мұғалімдік қызметпен қатар, қазақ халқының ауыз әдебиеті үлгілерін жинақтаған, музыкалық фольклорына көңіл бөліп, қала өміріндегі маңызды мәдени-ағартушылық шаралардың жүзеге асуына ұйытқы болған. 

1920 жылы Нәзипа Сегізбайқызы Семейден Ақмолаға барады. Нұрғалидың қазасына байланысты бұл жерден ауысуына тура келіп, 1920-21 жылдары Ақмола уездік партия комитетінде жауапты қызмет атқарады. 1922 жылы Қазақ АССР Халық комиссарлары кеңесінің төрағасы және «Еңбекші қазақ» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінің редакторы Сәкен Сейфуллиннің арнайы шақыртып, алдыруымен осы басылымның редакция алқасы мүшелерінің бірі әрі белгілі авторы болады. Алайда 1929 жылдан бастап денсаулығының нашарлауына байланысты журналистік қызметімен де, басқа да қоғамдық, мәдени-ағартушылық жұмыстармен де жүйелі айналыса алмады. Архив құжаттарымен танысу барысында ауруы меңдеген, тұрмысы нашарлаған жанның тағдырына куә боласыз. Қаптап жатқан анықтамалардан басқа жоғарғы орындарға жазған екі хаты оның қиыншылықты бастан кешіп отырған өмірінен толық хабар береді... – дейді монография авторы. 

Құлжанова 1923-1925 жылдары «Қызыл Қазақстан» (қазіргі «Ақиқат») журналында, 1925-1929 жылдары «Әйел теңдігі» (қазіргі «Қазақстан әйелдері») журналында жауапты хатшы болып жұмыс істеді.  

Сондай-ақ ол ұлы Абайдың қайтыс болғанына 10 жыл толуына орай ақынның тұңғыш әдеби кешін ұйымдастырған болатын. Сұхбаттасушы кейіпкерімізден осы туралы да сұраған едік. 

Қазақ халқының әдеби, фольклорлық, музыкалық мұрасын жинақтап, хатқа түсіруде еңбек сіңірген Г.Н. Потанин, А.В. Затаевичтердің ізгі дәстүрін әрі қарай алға сүйреушілердің бірі – Альвин Эрнестович Бимбоэс (1878-1942). Ол қазақтың халықтық музыкасын зерттеуші, жинаушы ретінде Нәзипа Құлжанованың өмірі мен шығармашылығына, этнографиялық ізденістеріне ертеден құлағы қанық болып, жүздесуге ниет жасаған. Ақырында Нәзипаны іздеп тауып, одан Абайдың «Татьянаның хаты» туындысын жазып алып, 1926 жылы жарық көрген кітабына енгізген. Ал қазақ өлкесінің мәдениет ошағындай болған Семей қаласында алғашқы ойын-сауық, мәдени-ағарту кештерін ұйымдастыру Нәзипа Сегізбайқызы есімімен тығыз байланысты. Оның Семей қаласының тарихында ғана емес, бүкіл Қазақстанның мәдени өмірінде ірі оқиға болған кештерді өткізуін төтенше жаңалыққа балап, үлгі етіп, дер шағында кеңінен насихаттаған ұлттық баспасөзіміздің алғашқы қарлығаштары – «Қазақ» газеті мен «Айқап» журналы болатын. Осы басылымдардағы Нәзипа ханымның тындырған ізгі шаруаларын лайықты бағалап, ізін суытпай ел-жұртқа мән-мағынасын егжей-тегжей түсіндірген мақалалар оның дүйім елге танымал тұлғаға айналуына, болашақ сан қырлы қоғамдық, ағартушылық, жазушылық, аудармашылық істерге жүрексінбей, жасқанбай қадам басуына алғышарт боларлық негіз қалады. Ол үшін музыкалық, этнографиялық бағыттағы кеш өткізу тосын оқиға емес еді. Географиялық қоғамның бағдарламасында мәдени жиындар өткізу, ғылыми кеңестер, басқосулар ұйымдастыру, лекциялық насихатты өрістету белгіленген, жоспарланған шаралар қатарында саналатын. Қоғамның белсенді мүшесі ретінде Нәзипа Сегізбайқызы бұл жауапкершілікті терең сезінді. Сондай-ақ ХХ ғасырдың басында қазақ, татар және орыс жастарының қатысуымен соны ағартушылық мақсатты көздеген түрлі ойын-сауық кештерінің өткізіле бастауы жүйеге түсе бастаған құбылыс деуге болады, - дейді тарихшы. 

Әуелде Қазан, Уфа, Орынбор, Троицк студенттері мен медресе шәкірттерінің мәдени-әдеби жиындарынан бастау ашып, қазақ топырағында «Шығыс кеші» атауын иеленген ойын-сауық кештері Ақмола (1911-1912), Қостанай, Ақмешіт (Қызылорда), Атбасар (1915), Ташкент, Орынбор (1922), т.б. қалаларда өткізіліп, оған кезінде Қ.Бақбергенов, Қ.Жандарбеков, І.Жансүгіров, Т.Жомартбаев, Н.Құлжанова, М.Малдыбаев, С.Мұқанов, Қ.Сәтбаев, т.б. сынды белгілі ғылым, әдебиет пен өнер қайраткерлері қатысқан болатын. 

Ал енді сіздің сұрағыңызға келетін болсам, алғашқы кеш Семей қаласында 1914 жылдың 26 қаңтарында өтті. Толық атасақ, Императорлық орыс географиялық қоғамы Семей бөлімшесінің этнографиялық, әдеби-музыкалық, вокалдық кеші. Көптеген ұлт өкілдерін жинаған, қазақ және орыс тілдерінде өткен, уақытындағы белгілі өнер шеберлері қатыстырылған кешті дайындап, өткізу тек Нәзипа Құлжанова үшін ғана емес, тұтастай алғанда географиялық қоғамның Семей бөлімшесі үшін де үлкен сын болатын. Сол ірі сыннан Нәзипа бастаған зиялылар сүрінбей өтті. Алдын ала кештің бағдарламасы жасалып, кешке кім қатысып, қандай өнер көрсететіндігі анықталып, тынымсыз дайындық жүргізілген. Бұл жиын қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының қайтыс болғанына 10 жыл толуына арналып ұйымдастырылған. Кештің қалай өткендігі жөнінде «Айқап» журналы мен «Қазақ» газетінде шағын хабарлар жарияланған, – деді Гүлжан Арапқызы.       

Оның  айтуынша, Нәзипаның өмірбаянын жазу барысында үлкен қиыншылық туғызған нәрсе – оның өз қолымен жазылған автобиографиялық, анкеталық деректердің, тұтастай алғанда, жеке іс-қағазының (личное дело – Г. К.) бізге жетпеуі болған. Тіпті 1917 жылға дейінгі мұрағаттар арасынан кездеспесе де, жиырмасыншы жылдардан бергі жерде әлеумет, баспасөз ісіне бел шеше араласқан оның, «Әйел теңдігі» («Қазақстан әйелдері»), «Қызыл Қазақстан» («Ақиқат») журналдарында жауапты қызметтер атқарған жанның құжаттарының бізге жетпегені өкінішті жағдай. 

Біз ізденіс жасаған Қазақстан Республикасы Президенті архиві мен Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік архиві мұрағаттар қорынан жоғымызды таба алмадық, – дейді монография авторы. 

Гүлжан Кәрібжанованың айтуына қарағанда, Нәзипаның есімін бірінші рет қазақ мәдениетінің тарихында елеулі орны бар «Қазақ» газетінен кездестіреміз. 

«26-январьда Семейде «Народный домда» жағрафия жамиғатының әдебиет кеші болды. Бұл кеште халық аса көп болып, үйге сыймағандықтан бірсыпыра адам кіре алмады. Барған қазақтың көбі мұсылман еді, көбірегі қазақ» деп жазылған басылымда. 

Орыс географиялық қоғамының Семей бөлімшесі атынан өткізілген кештің ұйымдастырушысы Нәзипа Құлжанова болған. 

Осы газеттегі «Потанин докладынан» деп аталатын тағы бір мақала – Мұхтар Саматовтыкі. Төңкеріске дейін Омбы қаласында оқыған, кезінде газет-журналдарға үнемі хат-хабарлар жазып тұрған ол атақты этнограф, фольклорист Григорий Николаевич Потанинмен таныс болған. Сол Потанин 1914 жылдың 10 ақпанында Омбы жағрафия жамиғатының жиналысында баяндама жасап, өткен жаз Қарқаралы уезі Тоқырауын деген жерде әдебиет кешін өткізген Нәзипа ханым Құлжанованың білімі мен парасатына таңғалғанын баяндаған, – дейді ол.

Жалғасы бар.