Елордада «Тәуелсіздік: Бауыржан Момышұлы жүрген ізімен» атты іс-шара өтті
Осыдан 111 жыл бұрын 1910 жылдың 24 желтоқсанында Кеңес Одағының батыры, Халық Қаһарманы, әскери шенді қызметкер, даңқты қолбасшы, қазақтың көрнекті жазушысы Бауыржан Момышұлы дүниеге келді. Айтулы күнге орай өткізілген іс-шараға заңгер-құқықтанушы, Қазақстанның еңбек сіңірген заңгері Ирак Елекеев, айтыс ақыны, жыршы-жырау, мәдениет қайраткері, кинодокументалист, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Баянғали Әлімжанов, Қазақстанның құрметті сәулетшісі, профессор, Б.Момышұлының ұрпағы Дембай Салауат және өзге де елорданың зиялы қауым өкілдері қатысты.
Іс-шараның мақсаты – қазақтың даңқты қолбасшысын еске алу, шығармашылығы мен ерлігін насихаттау.
Бүгінгі біздің іс-шарамыз Бауыржан атамызды еске алу мақсатында ұйымдастырылып отыр. Жалпы, «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесінің негізгі мақсаты – ұлы тұлғалардың жетістікке жету жолын насихаттау, келер ұрпаққа батырлығы мен ерліктерін дәріптеу. Бізде 17 арнайы жоба бар. Негізгісі – «Ұлы даланың ұлы қырандары». Осы жоба негізінде бабаларымызды еске алып, шара өткізудеміз, - деді «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесі оқу орталығының басшысы Жанерке Төлен.
Іс-шара барысында даңқты қолбасшы өмірінен құнды деректер, естеліктер айтылды. Құрметті қонақтар жиналған қауымға Бауыржан Момышұлы туралы қызықты естеліктерін бөлісті.
Бауыржан Момышұлы музейінде өткен еске алу кеші концертке ұласып, іс-шара соңында батыр ескерткішіне гүл шоқтары қойылды.