00:00
Астана -10oC
USD:
473.29
EUR:
512.81
RUB:
5.47
Іздеу

Елордада «Осы бір сәт ұнайды» кітабының тұсаукесері өтті

24 ақпан, 2023
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
Елордада «Осы бір сәт ұнайды» кітабының тұсаукесері өтті

Кітаптың лентасын жазушы-сатирик Көпен Әмірбек, ақындар Оңайгүл Тұржан мен Қалқаман Сарин кесті.

Сырласу түрінде өткен кеште Толқын Қабылшаның поэзиясы мен өмірбаяны таныстырылып, өлеңдері оқылды.

Кіріспе сөз Көпен Әмірбекке берілді.

«Біздің кезімізде ақын апамыз Мәриям Хакімжанова, одан кейін Фариза Оңғарсынова, Күләш Ахметова шықты. Араларында көптеген тамаша ақын қыздар көрініп, тұрмыс құрып, қазан-ошақтың қасынан шыға алмай қалды. Поэзияның киесін таппады. Бұл жас Толқын қазан-ошақты да ұстап, қара шаңырақты шайқалтпай, бала-шағасын өсіріп, ана болып, екі жақтын да авторы болып жүр. Үйдің және поэзияның. Қатар ұстау өте қиын. Сенің сеңгір-сеңгір тауларын – поэзия. Шыңы сол. Сол шыңға шығар бұл алғашқы баспалдағын екен. Таумен таудың басы бөлек болғанымен, етегі бөлек. Таудай сенің оқырмандарын келіп отыр. Сен поэзияны көтерсен, халық сені көтереді», - деді жазушы-сатирик.

Келесі сөз кезегін Оңайгүл Тұржан алды. Ол поэзияда қыздарға өте қиын екендігін айтты. Десе де, Толқын Қабылша нағыз ерлік жасап жүрген нәзік жанды ақындардың бірі екендігін тілге тиек етті.

«Толқынның өлеңдері маған несімен ұнайды? Ақын қыздар өзінің поэзиясын, негізінен, жылауық өлеңдермен бастайды. Жылауық өлең дегеніміз – ол ,әрине, ішкі сезім. Дегенмен, кейде поэзияда өзінің азаматтық парызын бірден бастап кеткен әлде – қайда мақұлдырақ болар еді. Бізбен қатар бастаған, оның алды бастаған талай ақын қыздар болды. Жылауық өлеңмен бастаған. Көпшілігінің өлеңдері, өздерінің тағдырына айналып кеткен. Толқынның өлеңдерінде жылау жоқ. Өлеңдерінде ұмтылыс бар. Сағынышты жылап отырып емес, әдемі жеткізеді. Қыз балаға жарасымды етіп айтады. Теңеулерін дәл келтіреді. Өлеңі өзінің өмірі сияқты өте көркем, өте мазмұнды, әдемі», - деді  ақын.

Толқын Қабылша жиналған қауымға алғысын айтып, жүрекжарды жылы лебізін білдірді.

«Қуанышымды бөлісіп, риясыз тілекпен келіп отырғандарыңызға бас иіп алғыс айтамын. Осы Жаратқан берген ғұмыр барда, қолына қалам ұстаған әрқайсымыздың алдымызда қазақтың сөз өнеріне, қазақтың әдебиетіне қалтқысыз қызмет етуге парыз, міндет бар. Сол міндеттерді аман-есен атқара берейік», - деді Толқын Қабылша.

Кітап мемлекеттік тапсырыс бойынша үш мың данамен басылып шықты. Мұқабасы жұқа көрінгенімен, ішіндегі азық болар дүниенің жүгі ауыр. Автор реті келсе әлі талай мәселені көтеретіндігін айтты.