00:00
Астана -10oC
USD:
473.29
EUR:
512.81
RUB:
5.47
Іздеу

Ата-ана баласын әскер қатарына жібергісі келмейді – Нартай Сәрсенғалиев

18 қыркүйек, 2024
Сабина Кәкімжан Сабина Кәкімжан
Ата-ана  баласын әскер қатарына жібергісі келмейді – Нартай Сәрсенғалиев
Фото: Parlam.kz

Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында депутат Нартай Сәрсенғалиев Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықовқа депутаттық сауал жолдады, деп хабарлады Elordainfo.kz.

«Бүгінгі депутаттық сауалым қазақ әскеріндегі қазіргі ахуал туралы. Даңқы батыр Бауыржан Момышұлы: «Жауынгерлік тәрбие әскери киімде емес, жөргекте жатыр» дейді. Сол жөргектегі тәрбиесі жер көкке сыйғызбай әскер қатарына барып, Отанымды қорғаймын деген балаларға қиянат жасалуда.  Жауырды жаба тоқығанмен жараның жазылмайтыны белгілі, оның айғағы бейбіт күнде сарбаздарымыз түрлі дене жарақатын алып, кейбіреуі қайтыс болуда. Бұл бір емес, бірнеше рет болған жағдай.  Осының салдарынан айыппұл салмақ түгілі айып тақсаңда ата-аналар  бауыр еті баласын жастар жан тапсырған орта – әскер қатарына жібергісі келмейді», - деді депутат.

Оның айтуынша, соңғы үш жылда Қазақстанда 270 әскери қызметкер қайтыс болған, ал соңғы төрт жылда әскерде 86 суицид тіркелген, 20 әскери адам өз-өзіне қол салуға оқталған.

Халық қалаулысы әскерде орын алған бірнеше жағдайды айтты.

«Бұл – әскери прокуратура мәлімдеген ресми сан. 2023 жылғы тамызда әскери бөлімшелердің бірінде командир әскерге жаңадан келген сарбазды орындықпен ұрып, соққыға жыққан. Арты немен бітті дейсіз ғой, іс тараптардың бітімге келуімен жабылып қалған.  2024 жылдың маусым айында Жамбыл облысының бір әскери бөлімшесінде әскерге келгеніне 1-ақ ай болған сарбаз ес-түссіз жансақтау бөліміне түскен. Ал таяуда орын алған жағдай бүкіл отандасымыздың ашу-ызасын туғызды. Ұлттық ұланның жауынгері Ербаян Мұхтар басынан алған жарақаттан бес ай бойы ес-түссіз жатты. Жауаптылар «Ербаян дәретханаға құлап, жарақаттанды» дейді. Бірақ бұған сау адамның сенбесі анық. Жарақаттың салдарынан сарбаздың басының жартысын алып тастауға тура келген. Енді оған тұрақты күтім қажет. Қазір ата-анасы ұлын  шетелге емге әкетуге қам жасауда. Оған қаржы жинап берген баяғы біздің қарапайым халқымыз», - деді Н.Аралбайұлы.

Сондай-ақ ол 7 қыркүйек күні Ақтаудағы гарнизонда Марат Барқұлов есімді сарбаздың көз жұмағанын айтты.

«Оны офицер атып жіберген. Бұл қасақана жасалған әрекет, жоқ па? Аталған сұрақтың жауабын тергеу орындары әділ тергеп, нәтижесін қоғамға ашық түрде жеткізуі керек.  Мемлекет басшысы биыл Жолдауында «Әр ата-ана әскерге кеткен баласын мемлекетке сеніп тапсырады. Сондықтан сарбаздардың денсаулығы мен қауіпсіздігіне, ең алдымен, армия басшылығы және құқық қорғау мекемелерінің басшылары жауапты», - деп атап өтті. Өкінішке қарай, армиядағы жағдай бұған мүлдем кереғар болып тұр», - деді Мәжіліс депутаты.

Сонымен қоса, ол әскери бөлімдерде орнатылған камералар жайында сөз қозғады.

«Былтыр Қорғаныс министрлігі әскери бөлімдерде 50 мыңнан астам бейнекамера бар деді. Ондағы жазбалар қайда? Әлде Ербаян секілді бауырларымыз жарақат алғанда әлгі камералар теріс қарап қалды ма?  Әскердегі әлімжеттік мәселесін АМАНАТ партиясы 2022 жылы көтерген болатын. Алайда жағдай түзелмек түгілі, ушығып кетті десе де болады. Сарбаздардың  армияда жарақат алып, қайтыс болуы тоқтар емес», - деді ол.

 

Нартай Аралбайұлы әскери қызметкерлердің әлеуметтік жағдайы төмен екенін айтты.

«Осы тұста тағы бір түйткіл бар, әскери қызметкерлердің әлеуметтік жағдайы төмен. Олардың айлығы шайлығына жетпейді, себебі соңғы рет әскерилердің жалақысы 2008 жылы ғана көтерілген. Уағында берілген әлеуметтік қолдау шараларының біразынан шет қалған. Бұл жағдайды түзету кезек күттірмейтін мәселе. Жоғарыда айтылған жағдайларды ескеріп Сізден келесі шараларды қолға алуды ұсынамын:

Еліміздің армиясындағы аталған келеңсіздікті тыю және алдын алу бойынша нақты шараларды қабылдауды.

Әскерилердің әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған жобалады қолға алып, олардың іске асуын жеделдетуді», - деді Мәжіліс депутаты.