Қызылжарда «Абылай хан тарихы» атты үштомдық жарық көрді
Жаңа туындының авторы – М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің профессоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Зарқын Тайшыбай.
Оның 2005 жылы шыққан «Абылай хан», 2011 жылы «Мәдени мұра» сериясымен шыққан «Қазақтың ханы – Абылай» деген екі томдық іргелі еңбектері, «Абылай атын ардақтап» деген оқу құралында абылайтанудың маңызды мәселелерін қозғап, танымдық құны қымбат деректер ұсынғаны мәлім.
«Абылай хан тарихы» зерттеушінің әуелден ұстанған бағытын қажымай-талмай дамытып келе жатқандығын көрсетеді. Әрқайсысы алты жүз бетке таяу үштомдыққа бірнеше монография мен бір мыңнан аса архив құжаттары іріктеліп, қазақшаға аударылып, түсініктері берілген. Тұтас күйінде ХҮІІІ ғасырдағы Қазақ хандығының тарихы болып түзілген.
«Мына кітаптағы ерекше бір жаңалық қытайтанушы ғалым, Клара Шайсұлтанқызы Хафизова деген қазақ қызы құрастырған жинақтағы қытайшадан орысшаланған құжаттарды қазақшалап қосуым еді. Ғалым Қойшығара Салғараның «100 құжат» деген кітабындағы, Нәбижан Мұхаметханұлы мен Бақыт Еженханұлы аударған деректер орыс құжаттарымен қоса өрілгенде, бірқатар оқиғаларды неғұрлым кеңірек қамтып, анық пайымдауға мүмкіндік береді», – дейді кітап авторы Зарқын Сыздықұлы.
Төлен Тілеубай