00:00
Астана -10oC
USD:
473.29
EUR:
512.81
RUB:
5.47
Іздеу

Астанада «Елбасы – ел тірегі» атты мерекелік концерт өтті

24 ақпан, 2023
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
Астанада «Елбасы – ел тірегі» атты мерекелік концерт өтті

Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің Еркеғали Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филормониясының Қазақ оркестрі өнер сүйер қауымды қазақ музыкасы аға буын өкілдерінің шығармаларымен сусындатты.

Кеште мемлекеттің бірлігін, ынтымағын қамтамасыз етуде тәуелсіз еліміздің негізін қалаушы тұлға – Елбасының еңбегі зор екені атап өтілді. Концертке қалың көрерменмен қатар қала әкімінің орынбасары Асхат Оралов бастаған әкімдік қызметкерлері де қатысып, елорданың басты өнер ордасының тамаша тартуына куә болды.

Мерекелік концерт оркестрдің орындауында Сейітмұқамбет Қанапияновтың «Байтақ дала»  күйімен ашылды. ҚР еңбек сіңірген қайраткері Анар Мұздаханова орындаған өзінің күйі «Тәуелсіздік» жиналған елдің рухын көтерді. Ерекше аспап сымқобыз аспабында Нұрғиса Тілендиевтің «Сарын» күйін шерткен мәдениет саласының үздігі Жанар Қасымованың өнері көптің көңілінен шықты. Халықаралық байқаулардың лауреаты, Әлішер Қасқырбайдың дирижерлығымен Мұхаметқали Тналин «Дарынгер» шығармасын орындады. ҚР еңбек сіңірген қайраткері Естай Мұқашев «Қазақ елі» әнін орындап, патриоттық әндер қатарын жалғады. Оркестрдің орындауында Дайрабайдың күйі «Дайрабай», Айтбай Мұздахановтың күйі «Нұраға», Орақ Жауыровтың күйі «Бойтұмарым - Томарлым», Әбдімомын Желдібаевтың күйі «Сұңқар сезім», Нұрлан Бекеновтің шығармасы «Шаттан, елім!» тыңдаушының құлақ құрышын қандырды. Одан бөлек ел ішінде өнері үстем болып жүрген Арайлым Рахымқызы, Данияр Мұқан, Айбала Бейсенова, Талғат Аллабиринов, Естай Мұқашев сынды филормония әншілері ән салды. Концерт Құрманғазының «Сарыарқа» күйімен аяқталды. Кеш соңында оркестр өнеріне құрмет ретінде Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің «Ықылас» гүлі тарту етілді.

Райхан Рахметова