Бауыржан Байбек: Мемлекет дубляжға қолдау көрсетеді
Бұл – «Болашақ» қоры мен «Меломан» компаниясының бастамасы бойынша ең жоғары стандарттар бойынша қазақ тіліне дубляждалып отырған 38-ші кинокартина.
«Болашақ» қорының қамқоршылық кеңесінің құрметті мүшесі Бауыржан Байбек атап көрсеткендей, шетелдік фильмдерді бюджеттен тыс қаражат есебінен мемлекеттік тілге дубляждау – болашақтықтар іске асырған әлемдегі бірден бір жеке бастама. 2011 жылдан бері жобаға 22 демеуші компания қолдау көрсетті. Ал барлық 38 фильмді дубляждауға 1,5 млрд теңге жұмсалды.
«Соңғы 10 жыл ішінде балалар үшін қазақ тілінде 70 сағаттан астам сапалы контент жасадық. Тәуелсіздіктің 30 жылдығын атап өту қарсаңында біз қазақстандықтарға соңғы жобамыз – «Энканто» атты фильмді ықыласпен тарту етеміз. Осы жылдар аралығында бізге қолдау көрсеткен барлық актерлерге, режиссерлерге, әріптестер мен демеушілерге тағы да үлкен алғысымды білдіремін», - деді Бауыржан Байбек.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жария еткен партияның Сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру бойынша «Жол картасы» аясында «Кинематография туралы» Заңға өзгерістер енгізу жоспарланған. Кинотеатрларда қазақ тіліндегі контентті көруге теңдей мүмкіндік беру мақсатында жыл сайын кемінде 15 анимациялық фильм мен отбасылық тамашалауға арналған фильмнің дубляжын қамтамасыз етуге мемлекеттік қолдау көрсету көзделіп отыр.
Осы жылдар аралығында болашақтықтардың жобасы арқасында қазақ тілі «Walt Disney» компаниясының тарихында 39-шы және екінші түркі тілі болғанын атап өткен жөн. Сондай-ақ, қазақ тілі Шығыс Еуропа мен ТМД елдері үшін шығарылатын голливудтық фильмдердің Blu-Ray-де көруге болатын негізгі 7 тілінің қатарына қосылды.
Қазақстан кинотеатрларында «Энканто» 25 қарашада қазақ және орыс тілдерінде шығып, содан кейін IVI және Megogo онлайн-кинотеатрларында қазақ тілінде көруге болатын шетелдік фильмдер коллекциясын толықтырады.