Елордада жаңа форматтағы театрландырылған концерт өтті
Камералық хордың көркемдік жетекшісі және бас дирижері Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері - Гүлмира Құттыбадамова.
Кеште нәрестенің дүние есігін ашқан күннен бастап, қартайған шағына дейінгі сәттер әсем ән мен үйлесімді әрекет арқылы баяндалып, адамның бүкіл саналы ғұмырын театрландырылған түрде көрсетті. Рухани маңызды қойылымда, хор ұжымы ән айтып, өлең оқи жүріп, «Бесікке бөлеу», «Тұсау кесу», «Сырға салу», «Сыңсу», «Жар-жар», «Тойбастар» сияқты қазақ халқының салт-дәстүрлерін көрсетті.
Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған ерекше тарту болған тың дүние ел есінде біраз уақытқа дейін сақталатыны сөзсіз. Кеште филармонияның Камералық хор ұжымымен қатар Сарыарқа ансамблі, Халық әні бөлімі артистері өнер көрсетіп, көрерменге ерекше қойылыммен концерт ұсынды.
Хордың театрландырылған сахналық қойылымында «Бесік жыры», халық әндері «Ахау, керім», «Балапан қаз», «Шилі өзен», Абай Құнанбаевтың «Қараңғы түнде тау қалғып», Біржан салдың «Теміртас», Сәкен Сейфулиннің «Тау ішінде», Ахмет Жұбановтың «Қарлығаш», Бақытжан Байқадамовтың «Он алты қыз»сынды әндермен қатар, Құрманғазы мен Махамбеттің күйлері орындалды. Ерекше форматта жаңаша театрландырылған хор қойылымының берер тәрбиесі мен тағлымы орасан зор.