Қазақстанда Ресейдің Мәдениет күндері өтеді
Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі мен Ресей Федерациясы Мәдениет министрлігінің ұйымдастыруымен өтетін Мәдениет күндері аясындағы іс-шаралар легі мынандай:
12 қазан, сағат 19:00-де «Қазақстан» орталық концерт залында Мәдениет және спорт министрлігіне бағынысты «Қазақконцерт» мемлекеттік концерт ұйымының Қазақ мемлекеттік симфониялық оркестрімен бірге Ресейдің жетекші орындаушыларының қатысуымен Гала-концерт өтеді. Концерттің дирижері – Солтүстік Осетия Республикасының Еңбек сіңірген әртісі – Заурбек Гугкаев.
Гала-концертке қатысатын өнерпаздар тізімінде Анна Аглатова (сопрано), Владислав Куприянов (баритон), Владимир Магомадов (контратенор), Константин Емельянов (фортепиано), Александр Рамм (виолончель), Гайк Казазян (скрипка), Анастасия Тюрина (балалайка) бар. Сонымен қатар елімізден «Астана Опера» Мемлекеттік опера және балет театрының жетекші солистері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Медет Чотабаев (тенор) және халықаралық байқаулардың лауреаты Татьяна Вицинская (меццо-сопрано) өнер көрсетеді. Бағдарламада көпшілік назарына орыс композиторларының операларынан белгілі ариялар, романстар мен заманауи авторлардың шығармалары ұсынылады.
12-17 қазан аралығында Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінде Вологда мемлекеттік тарихи-сәулет және өнер музей-қорығының «Вологда шілтері» атты көрмесі өтеді. Көрменің мақсаты – орыс халқының сәндік-қолданбалы өнерін, табиғаты мен дәстүрін, тарихын айқындап көрсету. Көрменің ресми ашылуы – 12 қазан, сағат 16:00-де.
Қазақстандағы Ресейдің мәдениет күндері Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы мәдени-гуманитарлық байланыстарды арттырып, дәстүрлі ынтымақтастықты нығайтуға арналған.