Бішкекте Қазақстан өнерпаздарының гала-концерті өтті
Келген қонақтарды филармония фойесінде «Арлан Жете» қырғыз ұлттық театры мен еліміздің «Тұран» этно-фольклорлық ансамблі дәстүрлі музыкаларды орындау арқылы қарсы алды.
Іс-шара басында сөз алған Ақтоты Райымқұлова тарихы терең екі бауырлас халықтың ортақ мәдениеті мен ұзақ жылдарға созылған достығы, әріптестігі тәуелсіздік алғаннан кейін де жоғары деңгейде жалғасып жатқанын атап өтті.
«Тай-құлындай тебіскен ағайынды екі халықтың мәдениеті мен өнері өте ұқсас. Сан саладағы ынтымақтастығымыздың қарқынды дамып келе жатқаны осының айқын айғағы. Мәдени-гуманитарлық байланыстар екі ел арасын байланыстырушы көпір болып, жаңа көкжиектерге жол ашады. 2013 жылы өткен әлемдік жазушы Шыңғыс Айтматовтың 85 жылдығына арналған Қазақстандағы Қырғызстанның Мәдениет күндері аясында бір ай бойы қазақстандық көрермендердің құрметіне түрлі концерттер мен қойылымдар, кинокөрсетілімдер, гастрольдер өткізілді. Енді екі ел үшін 2022 жылы Қырғыз Республикасының Қазақстан Республикасындағы мәдениет күндері маңызды оқиға болмақ. Әлемдегі эпидемиологиялық жағдайға қарамастан, халықтар арасындағы байланысты сақтап, нығайту үшін мәдени іс-шараларды жандандырудың маңызы зор», – деді Ақтоты Райымқұлова.
Гала-концерт аясында екі елдің мәдениет шеберлері өнер көрсетті. Бұл қатарда Әлібек Дінішев, Қазақстанның Халық әртісі және Қазақстанның Еңбек Ері Роза Рымбаева, Қазақстанның халық әртістері Алтынбек Қоразбаев, Мақпал Жүнісова және Нұржамал Үсенбаева, Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театры, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрі, «Астана балет» театры, домбырашылар ансамблі, «Арлан» ұлттық дәстүрлер театры, «Тұран» фольклорлық-этнографиялық тобы, «МузАрт» ансамблі, Қазақстанның еңбек сіңірген артисі Майра Мұхамедқызы және Қазақстанның өзге де танымал орындаушылары мен шығармашылық ұжымдары бар.