Жеңіс Қасымбек өзінің жұмысын жақсы атқарып отыр - Бақытжан Базарбек

Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек Мәжіліс кулуарында Астанадағы заңсыз құрылыс объектілері туралы айтты. Ол мұндай құрылыстың Алматыда да, Шымкентте де бар екенін, ал Астана қаласы әкімі Жеңіс Қасымбек заңсыз құрылыспен күресте өз міндеттемесін жақсы атқарып отырғанын айтты, деп хабарлады Elordainfo.kz.
«Астанада Президенттің тапсырмасымен «Мыңжылдық» аллеясы салынып жатыр. Бірақ құрылыс компаниялары Президенттің тапсырмасына қарамастан заңсыз құрылыс объектілерін соғып тастаған. Соған байланысты мен Жер ресурстарын басқару комитетіне және Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетіне арыз беріп, тексерісті ашқанмын. Соған байланысты заң бұзушылықтар анықталған. Астана қаласы әкімі Жеңіс Қасымбек бұл тұрғыда өз мойнындағы міндеттемелерін жақсы атқарып отыр. Заңсыз іс-әрекеттің алдын алып отыр. Бізге келіп түскен ақпараттар бойынша бірнеше құрылыс компанияларының жұмысы тоқтатылған», - деді депутат.



