Ұлтты ұйыстырған құрылтай

14 наурыз, 2025
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
Ұлтты ұйыстырған құрылтай
Фото: Ақорда

Бүгін Бурабайда Мемлекет басшысының қатысуымен Ұлттық құрылтайдың IV отырысы өтті. Астана қаласының Еркеғали Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармониясының директоры Ерлан Дәкенов Президенттің құрылтайдағы сөйлеген сөзі туралы пікір білдірді, деп хабарлады Elordainfo.kz

"Әдеттегідей бұл жиында да елдің даму бағыты айқындалып, көптеген мәселелер көтерілді. Соның ішінде салық реформасы, біріңғай уақыт белдеуі ең әуелі тілге тиек болды. Салық реформасын көп адам түсіне бермейді. Президент осыны халыққа жан-жақты түсіндіру қажет екенін атап өтті.

Одан бөлек халықты алаңдатқан мәселе - бірыңғай уақыт белдеуі еді. Біздің жеріміз үлкен болғанымен, салыстырмалы түрде халық саны онша көп емес. Бірыңғай уақыт белдеуі сол үшін тиімді екенін де баса айтты Қасым-Жомарт Тоқаев. Бұл мамандар әбден зерттеп, зерделенген соң шыққан қорытынды. Енді бірыңғай уақыт белдеуіне нүкте қойылған секілді.

Әлбетте экономикасыз, ғылымсыз, өнер-мәдениетсіз ел болмайтыны анық. Мемлекет басшысы бұл мәселені де назардан тыс қалдырмады. Мәселен, киелі Семей шаһарында бір ғимаратта үш бірдей театр отыр. Енді осы құрылтайдан соң бұл мәселе де оң шешімін табатынына сенімдіміз.

Сондай-ақ кино мәселесі де айтылды. Рас, қазір отандық фильмдер түсіріліп жатыр! Бірақ оның тәрбиесі, сапасы қандай? Бұл да - ойналарлық жайт.

Қазір қоғамда адамдар жеңіл жолмен ақша тапқысы келеді. Алайда оның соңы жақсылыққа апармасы анық. Осы орайда Президент психолог, коучтардың мәселесін талқылап өтті.

Сондай-ақ аталмыш құрылтайда есірткі, нашарқорлық мәселелері де көтерілді. Біз дамыған қуатты ел боламыз десек, дені сау ұрпақ тәрбиелегеніміз жөн. Сондықтан бұл орайда Қасым-Жомарт Кемелұлының айтып отырған мәселесі өте орынды.

Ұлтты ұйыстырған құрылтайдан шығарар қорытынды көп. Алдағы уақытта ісіне адал азаматтар көтерілген барлық мәселені шешуге жұдырықтай жұмылатыны анық! Халықтың күш-қуаты бірлікте!", - деп жазды Ерлан Дәкенов.