Данагүл Махат: Зұлматты науқандарда Қазақстан түрмелері «қылмыскерлерге» толып кетті


31 мамыр - Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні. Elordainfo.kz тілшісі осы қастерлі күннің қарсаңында тарихтың ең қайғылы беттерін ақтарып, зұлмат жылдардың құрбандарын ақтау ісінде еңбек сіңіріп жүрген тарих ғылымдарының докторы, профессор, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті жанындағы «Отырар кітапханасы» ғылыми орталығы директоры Данагүл Махатпен сұхбаттасқан еді. Тарихшы репрессия құрбандарын ақтау ісінде ашылған құпия деректер және беймәлім құрбандар туралы айтып берді.
- Данагүл Ахметкәрімқызы, репрессия құрбандарын ақтау комиссиясында болған екенсіз, осы ретте қандай жұмыстар атқарылғанын айтып берсеңіз...
- Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев 2020 жылдың 24 қарашасында «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия туралы» Жарлыққа қол қойған болатын. Комиссия құрылып, 2021-2023 жылдары жұмыс жасады. Ғалымдар, зерттеушілер және архив қызметкерлерінен құралған жұмыс тобы ХХ ғасырдың 20-50 жылдары саяси қуғын-сүргін көріп, азап шеккен құрбандар категориясын, санын, аймақтық ерекшеліктерін анықтау бағытында жұмыс жүргізді, тың архив деректері, монографиялар кітап болып басылды, мақалалар жарияланды, баспасөзде, ғылыми конфренцияларда айтылды.
Осылайша мол тарихи дерек көзінің ғылыми айналымға қосылуы тақырыпты тереңдей зерттеуге жол ашты. Дегенмен ғылым бір орнында тұрмайды, жаңа деректер ашылып, тың зерттеулер, жаңа жобалар орындала береді деген пікірдемін.
- Халқымыз бастан кешкен зобалаң жылдарды айтқанда, осы қуғын-сүргінге толы кезеңдерді жылдар бойынша классификациялауға бола ма?
- Саяси қуғын-сүргіннің бірінші кезеңі 1917-1929 жылдарды қамтыды десек болады. Өйткені 1917 жылы 28 қарашада Халық комиссарлар кеңесі шығарған «Төңкеріске қарсы болған азамат соғысы көсемдерін тұтқындау» туралы декретінде «халық жауы» терминін енгізді.
1917 жылдың қазаны – 1918 жылдың тамызы аралығында «қызыл террор» және эмиграцияның бірінші толқыны болды. 1925 жылдың қыркүйек айынан бастап билік басына Ф.Голощекиннің келуімен алашордашыларға және С.Сәдуақасов, С.Қожанов, Ж.Сұлтанбеков, Ы.Мұстамбаев, т.б. алаштың жас буынына, оңшылдарға, топшылдарға және тағы басқаларға қарсы күрес қарқын алды. Қазақстан халқы 1925 жылы дін адамдарын, 1928 жылы ірі байларды тәркілеу, ұжымдастыру науқандарын басынан өткізді.
Большевиктік саяси қуғын-сүргіннің екінші кезеңінде (1929-1938) интеллигенция мен көтеріліс жетекшілеріне, шаруаларға қарсы саяси қуғын-сүргін (1929-1934) ұйымдастырылып, ол үлкен террорға ұласты. 1929-1931 жылдары «ұлтшылдарды», 1934 жылы «солшылдарды» атқан, жер аударған зұлматты науқандарда Қазақстан түрмелері «қылмыскерлерге» толып кетті. 1935-1936 жылдары басталған ауқымды шара 1937-1938 жылдары кең көлемді үлкен террорға ұласты. Үлкен террордың шырқау шегі – 1937-1938 жылдары партия-кеңес, шаруашылық қызметкерлерінің атылуы болды. Бұл қанды қырғын 1939-1941 жылдарда да жалғасты.
1941-1945 жылдарды қамтыған үшінші кезеңде соғыс жылдарындағы депортация, эмиграцияның екінші толқыны жүріп өтті. Бұл кезеңде көптеген қолбасшылар қуғын-сүргінге ұшырады. Соғыс жылдарындағы қуғын-сүргін саясатының ерекшелігі соғысқа дейін басталған ұсақ халықтарды жер аударудың қарқынды жүргізілуінен көрінді.
Соғыстан кейін, интеллигенцияға қарсы күрес қайта жанданып, түрмеге қамау, жер аудару, партия қатарынан және қызметтен босату жалғасты. Соғыстан кейін, нақтырақ айтқанда, 1946 жылы жаппай саяси қуғын-сүргіннің төртінші кезеңі «Звезда» және «Ленинград» журналдары туралы БК(б)П Орталық Комитетінің 1946 жылғы қаулысынан басталды. А.А. Ахматованың және М.М. Зощенконың шығармаларын сынға алып, баспа беттерінде жариялауға тыйым салды. Қазақстанда Блюменфельд, Рубинова, Богуславский, Фридман, Серовайский және басқа да Қазақ мемлекеттік университетінің оқытушылары космополиттер ретінде сынға алынды. «Қыз Жібек», «Ер Тарғын», «Қобыланды», «Қозы Көрпеш – Баян сұлу», «Ақан сері – Ақтоқты» пьесаларында идеялық кемшілік бар, сондықтан қайта өңдеу керек» деген мәселе қойылды. М.Әуезовті, Ғ.Мүсіреповті және С.Мұқановты кеңестік кезең тақырыбына шығармалар жазбады, А.Жұбановты ұлтшылдық бағытта шығармалар жазды деп кінәлады.
1947 жылы «Қазақ ССР Ғылым Академиясының Тіл және әдебиет институтының жұмысындағы саяси өрескел қателіктер туралы» қаулы шықты. Онда Базар, Мұрат, Шортанбай, С.Торайғыров және басқа төңкерістен бұрынғы қазақ әдебиеті өкілдерінің шығармалары буржуазиялық-ұлтшылдық, феодалдық-реакциялық сарында жазылған делінді. Қазақстан Компартиясы ОК-нің 1948 жылғы тамызда қабылдаған «Қазақ совет әдебиетінің жағдайы және одан әрі дамыту туралы» шешімі ахуалды ауырлата түсті.
Талантты ғалым Е.Бекмахановқа қарсы ұйымдастырылған «Бекмаханов ісі» осы жылдардан басталды. Қазақстандағы саяси қуғын-сүргіннің 1946-1953 жылдарды қамтыған төртінші кезеңі И.Сталин өлімімен аяқталды.
И.Сталин қайтыс болғаннан кейін тоталитарлық режимнің тоқырау кезеңі басталды, алайда жүйе өмір сүруін жалғастыра берді. 1959 жылы «Теміртау» жұмысшылары, студенттер наразылық білдірді, диссиденттік қозғалыс жалғасты. Саяси қуғын-сүргіннің жалпы көлемі азайғанымен, өзгеше ойлаушылармен күрес «үнсіз репрессия» (тихая репрессия) арқылы жүріп жатты. 1960-1980 жылдары шығармашылық интеллигенция өкілдері қуғындалды, жазушылар, суретшілер, кинематографистер, композиторлар, журналистер шет елдерге кетті. Жаппай қоғамдық қозғалыс, елдегі саяси-экономикалық дағдарыс тоталитарлық режимді іштен ыдырата бастады. 1980 жылдың соңындағы демократиялық үдеріс пен жаңаша ойлау үрдісі тоталитарлық жүйенің күйреуіне алып келді.
- Жалпы, соңғы кезде тарихи тұлғаларға қатысты құпия деректер ашылды ма? Ал беймәлім құрбандарға қатысты қандай деректер бар?
- Жоғарыда атап өткен комиссияның көптомдық материалдарын және ҚР ҰҒА академигі, тарих ғылымдарының докторы Мәмбет Құжабайұлы Қойгелдиевтің жетекшілігімен жарық көрген «Алашорда ісі. 1920-1940 жылдар. Құжаттар мен материалдар» деп аталатын 12 томдық архив құжаттарын атап айтуға болады. 12 томнан тұратын құжаттар – Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия жұмысы барысында жиналған партиялық-мемлекеттік құрылымдарда және арнаулы мемлекеттік архивтерде арнайы сақталған материалдар енген бірегей жинақ. Оның ішінде Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатов, Халел Досмұхамедов және басқа да қайраткерлер туралы тың деректер бар.
Беймәлім құрбандарды айтқанда, қуғындалған студенттер тағдыры терең зерттеуді қажет ететінін ескеруіміз керек. 1928 жыл соңында жүргізілген ірі байлар мен жартылай феодалдарды тәркілеу науқаны қазақ байларын мал-мүлкінен ғана айырып қоймай, КСРО жоғары және орта оқу орындарында оқитын қазақстандық жастарды да алашордашылардың идеясын жалғастырушы, садуақасшыл, бай-кулак ұрпақтары деп айыптап, оқудан шығарып, оларды білім алу құқығынан айырған. Қазақстандық жастар оқыған оқу орындары, студенттердің аты-жөні, оларға тағылған айыптар туралы деректер белгілі болып отыр. Университет, институт, академия, техникумдар мен мектептер партия тазартуынан өткізіліп, оқу орындарындағы оқытушылар мен қызметкерлер, студенттер арасындағы «әлеуметтік жат элементтерді» партия қатарынан, қызметтен, оқудан шығарған.
Іздестіру, зерттеу жұмысы аясында анықталған антикеңестік топтар мен ұйымдар туралы деректер, яғни жастардың азаттық жолындағы күресінің үздіксіз жүріп отырғанын айғақтайтын жастар ұйымдары мен топтары жөніндегі құжаттар назар аудартады. Мәселен, «Ташкентский союз средняков» (1927-1928), «Қазақшылдар» (1928 жыл, 7 мамыр), «Жаңа төңкерісшілдер» (1930 жыл, наурыз), «Түрік халық париясы» (1930-1932), «Партия свободы» повстанческая организация Степлаг МВД (1950 г.), «Союз защиты прав человека» (Степлаг) және т.б. Байқап отырғанымыздай, азаттық жолындағы күрес үздіксіз жүріп отырған.
- Студент жастардың аты-жөні туралы нақтырақ деректер келтіре кетсеңіз...
- Оқу орындарын алашордашылар мен бай-кулактардың, саудагерлердің, діни қызметкерлердің, төңкеріске дейін патша мекемелерінде жұмыс істеген адамдардың балалары мен жақын туыстарынан тазарту науқанында оқудан шығарылып, қуғындалған азаматтар кімдер еді десек, мынадай нақты деректер айтуға болады.
БК(б)П Қазақ Өлкелік комитеті 1929 жылдың 12 қаңтарында қазақстандық студенттер оқып жатқан КСРО-ның ірі қалаларындағы жұмысшы факультеттеріне ресми хаттар жолдайды. Айталық, Мәскеудегі Я.М. Свердлов атындағы университетке, Ленинград Коммунистік университетіне, Омбыдағы, Орынбордағы, Ташкенттегі т.б. оқу орныдарына. Ресми хатта «Советская Степь» газетіндегі С.Сафарбековтің мақаласын басшылыққа ала отырып, оқу орындарындағы қазақ студенттерінің әлеуметтік тегін тексеру, тазарту жұмыстарын 1929 жылдың 1 наурызына дейін аяқтау, қорытындысын Халық ағарту комиссариатына жолдау тапсырылады.
Сіздің студенттердің аты-жөні туралы сауалыңызға орай айтарым, 400-ге тарта студенттің аты-жөнін, оқыған оқу орнын, факультетін анықтады. Алғашқы деректерді әл-Фараби атындағы ҚазҰУ шығаратын «Қазақ тарихы» журналының №1 санында жариялаған болатынмын, толықтырып жақында шығатын монографиялық зерттеуімде оқырманға ұсынамын деп жоспарлап отырмын.
Орынбор, Ленинград, Мәскеу және Свердловск, Саратов қалаларындағы қазақ студенттері қауымдастығы да арнайы комиссия құрып, жоғары және орта оқу орындарының студенттерін тазартудан өткізді, бірнеше студенттің есімін атай кетейін. Мәскеу ауылшаруашылық оқу орнының студенттері: Ибрагимов Язязит Өтеғалиұлы, Ибрагимов Кәрім, Жандеркин Қазкен, Ермеков Мүсілім, Бошаев Яхия, Атабаев Асқар, САГУ-дің ауыл шаруашылығы және құқық факультетінің IV курс студенті Хамит Ыбырайұлы Ақбаев, оның САГУ-дің физика-математика факультетінің бірінші курсында оқитын туысы Халмұрат Жақұлы Ақбаев, САГУ-дің экономика бөлімі ауыл шаруашылығы және құқық факультетінің IІ курс студенті Бұралқиев Мұстафа Бұралқыұлы, САГУ медицина факультетінің бесінші курс студенті Қой-Айдарова Мағрипа Мырзағұлқызы, осы оқу орнында оқитын Сейдалин Әли-Ақбар Жансұлтанұлы, Мәрсеков Рахмет Мәрсекұлы, Тұнғашина Зейнеп Мұхамедиярқызы, т.б. тазартудан өткізілген. Бұл тізім жалғаса береді. Олардың қатарында қазақстандық қазақ, татар, орыс, т.б. ұлт өкілдерінің балалары бар.
- Сөз соңында, жалпы оқырман, келешек ұрпақ, ХХ ғасырдың 20-50 жылдарындағы тұлғаларды тану үшін қандай тарихи көздерге сүйенгені дұрыс деп санайсыз?
- ХХ ғасыр – жазба деректер жақсы дамыған ғасыр. Деректің түрі де, саны да көп. Оқырман, жас ұрпақ қазақ зиялыларының тарихы мен тағдырына қатысты архивтегі, сирек кітаптар мен қолжазбалар қорындағы, т.б. мол тарихи деректермен, түпнұсқа еңбектермен танысып, сол кезеңдегі қоғамық өмірді жүйелі зерттеп жазған ғалымдар зерттеулерін негізге алған орынды. Біз жас ұрпаққа тарихтан тағылым алуды үйретуіміз керек.
- Сұхбатыңызға үлкен рақмет!



