Астанада «Бала Толағай» спорт жарысы өтті

Астанада «Бала Толағай» спорт жарысы өтті
Фото: Сұлтан Сейіт

Астанада Орталық саябақта 7 мамыр – Отан қорғаушылар күніне орай қалалық «Бала Толағай» спорттық жарысы ұйымдастырылды. Бұл сайыс жасөспірімдердерді бұқаралық спортқа баулуға негізделген, деп хабарлайды Elordainfo.kz қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Спорттық іс-шараға мектеп оқушылары, ата-аналар, бұқаралық спортқа қызығушы қауым қатысты. Аталған жарыста бірнеше бағдарлама қамтылған. Атап айтқанда, «найзаны қашықтыққа лақтыру (ұлдар)», «8 кг қапты көтеріп қашықтыққа апару (1 минут)», «10 келілік серкені иыққа салып отырып-тұру», «ләңгіні уақытқа тебу (1 минут)», «арқан тарту (1 минут)».

Сондай-ақ көрермендер, қолдаушылар, оқушылар және мұғалімдер арасында қосымша жарыстар да ұйымдастырылады. Олардың қатарында турникке тартылу, брусья, гір көтеру (8 кг, 10 кг, 16 кг), қол күрес, жатып зілтемір көтеру және зілтемірмен отырып-тұру бар.

«Бұл «Бала Толағай» жарысы ұлттық спорт түрлері аясында жүзеге асырылды. Жас өрендер «садақ ату», «найза ату», «ләңгі тебу» сайыстарына бөлінді. Ал ересектер «гір тасын көтеру», «турникке тартылу» сияқты бірқатар бұқаралық спорт бойынша бақ сынасты. 10-нан астам мектеп қатысты. Бүгінде аталған сайыс қала көлемінде өтсе, алдағы уақытта республикалық деңгейде ұйымдастырылады деген сенімдеміз», – деді Астана қаласы әкімдігінің «Спорттық-бұқаралық іс-шараларды өткізу» дирекциясы басшысының орынбасары Өсербай Ержігіт.

Бұған дейін Астанада 7 мамыр күніне арналған ауқымды плац-концерт өткенін жаздық