Биылдан бастап Ұлттық ұлан Академиясының курсанттарына ұшқышсыз ұшу аппараттарын басқару үйретіліп жатыр. Жаңа бағыт құқықтық тәртіп әскерлерінің жауынгерлік даярлық бағдарламасына енгізілді, деп хабарлайды Elordainfo.kz Ұлттық ұланның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бұл бастама болашақ офицерлердің заманауи технологияларды меңгеруіне және қызметтік-жауынгерлік міндеттерді орындауға қажетті тәжірибелік дағдыларын дамытуға бағытталған.
Ведомство мәліметінше, жыл басынан бері Ұлттық ұланның мерзімді әскери қызметшілерін даярлау бағдарламасына да дрон басқаруды үйрету енгізілген. Сонымен қатар ұшқышсыз ұшу аппараттарының операторларын даярлау Қазақстандағы әскери реформаның жаңа жоспарына енген.
Академия курсанттары алған білімдерін тәжірибеде қолданып, FPV-дрондарды басқару жарыстарына қатысып жүр.
Атап айтқанда, Астанада күштік құрылымдар арасында өткен жарыста Ұлттық ұлан Академиясының курсанты Исмаил Мусин 14 команда арасынан үздік нәтиже көрсетіп, «Ұшқышсыз ұшу аппаратынан граната тастау» жаттығуында бірінші орын иеленді.
«Ұшқышсыз ұшу аппараттарын басқару зейінді, дәлдікті және тұрақты жаттығуды талап етеді. Мұндай сабақтар болашақ қызметімізге қажетті дағдыларды қалыптастырады. Академияны бітіргеннен кейін білімімді жеке құраммен жұмыс барысында қолданып, сарбаздарға дрон басқаруды үйретіп, өз тәжірибеммен бөлісуді жоспарлап отырмын», – деді Исмаил Мусин.
Ұлттық ұланның мәліметінше, заманауи технологияларды меңгеру болашақ офицерлердің кәсіби даярлығын жетілдіріп, әскери бөлімдерде жаңа тәсілдерді қолдануға мүмкіндік береді.
Еске сала кетейік, бұған дейін Астанада Ұлттық ұлан сарбаздарына арналған жаңа патрульдік бекеттер ашылғаны хабарланған еді.






