Елордалық Maqsut Narikbayev University (MNU) студенттері мен оқытушылары Қазақстанның ең үлкен туын жайды. Патриоттық іс-шара Республика күніне орай өткізілді, деп хабарлайды Elordainfo.kz университеттің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Университет ғимаратының алдында жайылған мемлекеттік рәміз Қазақстандық рекордтар кітабына енуге үміттенеді. Оның ауданы 882 шаршы метр, ал салмағы 100 килограммға жуық. Ең үлкен ту жоғары оқу орнының студенттерінің бастамасымен дайындалды.
«Мемлекеттік ту - ел тәуелсіздігінің бейнесі және халық бірлігінің символы. Біз республикамызды мақтан тұтамыз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен Қазақстан сенімді түрде алға жылжып, ауқымды жүйелі өзгерістер жүргізуде. Соңғы 7 жылда біз экономиканың өсуін, жаңа өндірістер мен жұмыс орындарының іске қосылуын, әлеуметтік сала, ғылым мен жастарға инвестициялардың артуын, сондай-ақ экологияға қамқорлық пен цифрландырудың дамуын көріп отырмыз. Баршаңызды ұлттық мереке - Республика күнімен құттықтаймыз және Отанымыздың гүлденуін тілейміз», - деді MNU Басқарма төрағасы Талғат Нәрікбаев.
Тудың жайылуы барысында университет студенттері мен оқытушылары Қазақстанның гимнің орындады. Бұған дейін еліміздегі ең үлкен тудың ауданы 800 шаршы метрді құрайтын. Ол жыл сайын MNU Студенттер қатарына қабылдау рәсімінде жайылатын.
Айта кетейік, мемлекеттік тудың жайылуы арқылы университет «Әділет» партиясы бастаған «Менің Елім - Менің Туым» акциясына қолдау білдірді.