Орталық Азияның бес мемлекеті биоәртүрлілікті сақтау және табиғи ресурстарды орнықты пайдалану жөніндегі ортақ бағдарлама әзірлеп жатыр. 2035 жылға дейінгі кезеңді қамтитын құжаттың жобасы Ереванда өткен COP17 конференциясында таныстырылды, деп хабарлайды Elordainfo.kz ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетіне сілтеме жасап.
Қазақстанның үйлестіруімен өткен іс-шарада бағдарламаны өңір елдерінің атынан Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің төрағасы Данияр Тұрғамбаев таныстырды.

Аталған құжат 2026 жылғы сәуірде Астанада Орталық Азияның бес мемлекеті қол қойған өңірлік декларация негізінде әзірленіп жатыр.
Бағдарламаның негізгі бағыттары – мемлекеттер арасындағы шекарааралық экожүйелер мен сирек кездесетін жануарлар және өсімдіктер түрлерін сақтау, бүлінген табиғи аумақтарды қалпына келтіру, экологиялық дәліздерді дамыту және қоршаған ортаға бірлескен мониторинг жүргізу.
Конференция барысында халықаралық ұйымдар бастаманы қолдап, Орталық Азия елдерімен ынтымақтастық орнатуға дайын екенін білдірді. Әсіресе, ірі мысық тұқымдас жануарларды сақтауға бағытталған бірлескен жобаға назар аударылды.

Алдағы уақытта бес мемлекет бағдарламаның мазмұнын өзара келісіп, табиғатты қорғау саласындағы нақты бірлескен жобаларды және оларды қаржыландыру тетіктерін айқындайды.
Бұған дейін Арменияның Қазақстандағы жолбарысты қайта жерсіндіру жобасына қызығушылық танытқаны туралы жазған едік.