Астанада биыл екі жаңа медициналық нысан пайдалануға беріледі. Олардың қатарында №2 қалалық көпбейінді аурухана жанындағы қабылдау-диагностикалық кешен мен №2 көпбейінді қалалық балалар ауруханасының травматологиялық пункті бар, деп хабарлайды Elordainfo.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бұл туралы Премьер-министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаевтың елордадағы медициналық нысандардың құрылысымен танысуы барысында белгілі болды.

Үкімет мәліметінше, қала халқының өсуіне байланысты ауруханалар мен емханаларға түсетін жүктеме артып келеді. Осыған орай Мемлекет басшысының тапсырмасымен медициналық инфрақұрылымды кеңейту және тұрғындарға көрсетілетін көмектің қолжетімділігін арттыру жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Тәулігіне 900 адам қабылдайтын кешен
№2 қалалық көпбейінді аурухана жанынан салынып жатқан бес қабатты қабылдау-диагностикалық кешен тәулігіне 700-900 адамды қабылдай алады.
Жаңа ғимаратта ересектер мен жүкті әйелдерді қабылдау бөлімдері, диагностикалық қызмет және травматологиялық пункт орналасады.

Кешенде компьютерлік томография, МРТ, рентгендиагностика, ангиографиялық операциялық бөлме, операциялық залдар, инсульт орталығы, травматология, реанимация және қарқынды терапия бөлімшелері қарастырылған.
Мұнда науқастар алғашқы тексеруден бастап диагноз қою, шұғыл операция жасау және емдеуді жалғастыруға дейінгі медициналық көмектің бірнеше кезеңінен бір жерде өте алады.
Балаларға арналған травматологиялық пункт
Биыл №2 көпбейінді қалалық балалар ауруханасында шұғыл травматологиялық көмек көрсетуге арналған жаңа қосымша ғимарат та ашылады.
Онда реанимация залы, операция бөлімі, компьютерлік томография және рентгендиагностика кабинеттері жабдықталады. Бұл жарақат алған балаларды жедел тексеріп, қажетті медициналық көмек көрсетуге мүмкіндік береді.
Айта кетейік, былтыр Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығының базасында «Есіл» және «Нұра» аудандарының тұрғындарына арналған балалар травматологиялық пункті ашылған. Онда 10 мыңнан астам бала медициналық көмек алған.
Жаңа перинаталдық орталық пен аурухана
Премьер-министрдің бірінші орынбасары 250 төсектік перинаталдық орталықтың құрылысымен де танысты. Нысанды келесі жылы ашу жоспарланған.
Жаңа орталық жүкті және босанатын әйелдерге, сондай-ақ жаңа туған нәрестелерге мамандандырылған медициналық көмек көрсету мүмкіндігін кеңейтеді. Сонымен қатар қолданыстағы перзентханаларға түсетін жүктемені азайтады.
«Сарыарқа» ауданында 300 төсектік көпсалалы қалалық аурухананың құрылысын аяқтап, пайдалануға беру көзделіп отыр. Нысан іске қосылған соң елордадағы аурухана төсектерінің саны артып, ересек тұрғындарға мамандандырылған медициналық көмек қолжетімді бола түседі.
Астанада тағы үш емхана салынады
Елордада алғашқы медициналық-санитариялық көмек көрсету желісін кеңейту мақсатында үш жаңа емхана салу жоспарланған.
Олардың әрқайсысы бір ауысымда 500 адам қабылдай алады. Жаңа емханалар қала тұрғындарының тұрғылықты жеріне жақын жерде учаскелік дәрігерлер мен бейінді мамандарға қаралуына, диагностикалық және профилактикалық тексерулерден өтуіне жағдай жасайды.
Үкіметтің мәліметінше, аталған жобалар толық іске асқаннан кейін Астанада алғашқы медициналық көмектен бастап мамандандырылған стационарлық емдеуге дейінгі қызметтердің қолжетімділігі артады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Астана медицинасына жасанды интеллект енгізіліп жатқаны хабарланған еді.






