Әуе компаниясы Астанадан сегіз жаңа бағыт ашты

Бүгін, 17:11
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
Әуе компаниясы Астанадан сегіз жаңа бағыт ашты
Фото: istockphoto.com

Air Astana 2026 жылы Астанадан сегіз жаңа тұрақты және чартерлік бағыт ашты. Олардың қатарында Гуаңжоу, Бангкок, Ларнака, Даламан, Батуми, Ыстықкөл, Салала және Инин бар, деп хабарлайды Elordainfo.kz әуе компаниясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Былтыр әуекомпания Астанадан Санья, Жидда, Мәдина, Нячанг, Дананг, Аланья және Кутаиси бағыттарын іске қосқан. Қазір елордадан қатынайтын халықаралық бағыттар саны 32-ге жетті.

Сонымен қатар әуекомпания Астанадан халықаралық бағыттарға қатынайтын рейстер санын арттырды. Апталық рейстер саны 99-дан 116-ға дейін өсті. Олардың қатарында Бейжің, Сеул, Франкфурт, Ыстанбұл және Дубай бағыттары бар.

2025 жылмен салыстырғанда Астана — Бейжің бағыты бойынша жолаушылар тасымалына ұсынылатын орын саны 55%-ға, ал Сеул мен Ыстанбұл бағыттарында 20%-ға артқан.

Елордада орналасқан әуе кемелерінің саны да көбейіп келеді. 2024 жылы Астанада 13 ұшақ болса, 2026 жылдың жазында олардың саны 16-ға жетті. 2027 жылы бұл көрсеткішті 22 ұшаққа дейін арттыру жоспарланған.