Елімізде демалыс күндері және алдағы мерекеде жылжымайтын мүлікті рәсімдеумен байланысты кейбір қызметтер көрсетілмейді, деп хабарлайды Elordainfo.kz «Азаматтарға арналған үкіметке» сілтеме жасап.
«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының Telegram-дағы арнасының хабарлауынша, жылжымайтын мүліктің бірыңғай мемлекеттік кадастры QazTRF-23 координаттар жүйесіне көшеді. Бұл – заманауи ашық спутниктік навигация жүйелерін пайдалана отырып, цифрлық карталар мен кеңістіктік деректермен жұмыс істеуге мүмкіндік беретін мемлекеттік координаттар жүйесі.
Осыған байланысты 2026 жылғы 23 қазан сағат 19:00-ден 27 қазан сағат 00:00-ге дейінгі демалыс және мереке күндері Жылжымайтын мүліктің бірыңғай мемлекеттік кадастрының цифрлық жүйесі мен Жария кадастрлық картада техникалық жұмыстар жүргізіледі.
«Осы кезеңде жер кадастры, жылжымайтын мүлікке құқықтарды тіркеу және жылжымайтын мүлікті техникалық тексеру салаларындағы мемлекеттік қызметтер бойынша өтініштерді қабылдау уақытша қолжетімсіз болады», - делінген хабарламада.
Ал осы саладағы электрондық анықтамаларды цифрлық сервистер арқылы алу мүмкіндігі сақталады.