Астанада қоқыс таситын көліктердің қауіпсіздігіне назар аударылды

Астанада қоқыс таситын көліктердің қауіпсіздігіне назар аударылды
Фото: Астана әкімдігі

Астанада қоқыс таситын көлік жүргізушілеріне жол қозғалысы ережелерін сақтау және жол-көлік оқиғаларының алдын алу талаптары түсіндіріліп жатыр. Кездесулер «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасы аясында ұйымдастырылды, деп хабарлайды Elordainfo.kz елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Түсіндіру жұмыстарын қалалық Полиция департаменті Қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармасымен бірлесіп жүргізуде.

Мамандар қоқыс шығаратын үш компанияға барып, арнайы техника жүргізушілерімен кездесті. Барлық қызметкерді қамту үшін кездесулер жүргізушілердің ауысым алмасу уақытында ұйымдастырылған.

«Біздің мақсатымыз – барлық жүргізушіні қамту. Сондықтан кездесулер ауысым алмасатын уақытта өткізілді: біріншісі таңғы сағат бесте, екіншісі түскі сағат он екіде, үшіншісі кешкі сағат бесте ұйымдастырылды», – деді қалалық Қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармасының қалдықтарды басқару бөлімінің басшысы Жанар Сәдуақасова.

Кездесулерде жүргізушілерге жол жүрісі қағидалары түсіндіріліп, қалада бұрын тіркелген жол-көлік оқиғалары мен олардың алдын алу жолдары талқыланды.

Әсіресе, тұрғын үйлердің аулаларында, мектептер мен балабақшалар маңында арнайы техниканың қауіпсіз қозғалуына назар аударылды.

«Қоқыс таситын көліктер тұрғын үйлердің аулаларына кіретіндіктен, жүргізушілер жылдамдықты азайтып, маневр жасау кезінде аса сақ болуы керек. Олар барынша мұқият болып, жол қозғалысы қағидаларын қатаң сақтауға тиіс», – деді Астана қаласы Полиция департаменті Әкімшілік полиция басқармасының қызметкері, полиция капитаны Әсет Аятхан.

Сондай-ақ арнайы техника жүргізушілерін рейс алдындағы медициналық тексеруден өткізу және қоқыс таситын көліктердің техникалық жағдайын бақылау тұрақты жүргізілетіні айтылды.

Бұдан бұрын жыл соңына дейін 13 учаскеде орташа жылдамдықты өлшейтін жүйе іске қосылатыны хабарланған еді.