Қазақстанда интернет-алаяқтықтан зардап шеккен азаматтардың қаражатын қорғау және ұрланған ақшаның әрі қарай аударылуына жол бермеу мақсатында Ішкі істер министрлігі мен Ұлттық Банктің Антифрод-орталығы арасында өзара іс-қимыл жүзеге асырылуда, деп хабарлайды Elordainfo.kz ОКҚ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Биылғы 9 айда 212 мың инцидент қалыптасты, оның 76 мыңнан астамына ішкі істер органдары бастамашылық етті.
«Нәтижесінде ақша аударушылардың шоттарындағы 4 млрд теңге, ал «дроптардың» шоттарындағы 1,5 млрд теңге ақшалай қаражат бұғатталды. Жәбірленушілерге өз еркімен 617 млн теңге қайтарылды. Бұл нәтижелер құқық қорғау органдары мен қаржы секторы арасында жедел ақпарат алмасудың маңыздылығын көрсетеді, іс-қимыл жылдамдығы азаматтардың ақшасын сақтау мен қайтару мүмкіндігіне тікелей әсер етеді», – деді ҚР ІІМ Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаментінің бастығы полиция полковнигі Жандос Сүйінбай ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында.