Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Әзербайжан мен Арменияға сапарлары еліміздің халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға, экономикалық мүмкіндіктерді кеңейтуге және экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған саясатын көрсетеді. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Құрылтайының депутаты, Respublica партиясы фракциясының мүшесі Нұргүл Тау пікір білдірді, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Депутаттың айтуынша, Қазақстанның көпвекторлы сыртқы саясаты түрлі мемлекетпен өзара тиімді қарым-қатынас орнатуға және ұлттық мүддені қорғауға негізделген.
«Біздің еліміз үшін ең маңыздысы – түрлі мемлекетпен өзара тиімді қарым-қатынас орнатып, ең алдымен ұлттық мүддемізді қорғау. Бұл – Қазақстан ұстанып отырған көпвекторлы сыртқы саясаттың негізгі қағидаты. Яғни біз кең дүниенің қақ ортасында орналасқан географиялық орнымыз бен келер ұрпақ алдындағы жауапкершілігімізді ескерсек, бір ғана елмен немесе бір ғана аймақпен шектелмей, барлығымен ашық диалог жүргізуге, экономикалық және саяси байланыстарды дамытуға мүдделіміз», – деді Нұргүл Тау.
Оның сөзінше, Әзербайжанға сапары барысында Президент бірқатар мемлекет басшыларымен кездесулер өткізіп, келіссөздерде инвестиция тарту, энергетика, сауда және бірлескен жобаларды жүзеге асыру мәселелері талқыланды.
«Қарапайым тілмен айтқанда, мұндай кездесулердің мақсаты – екі ел арасындағы ынтымақтастықты, достық қарым-қатынасты арттыру. Қазақстанға жаңа инвестициялар мен технологиялар тарту, экономикамызды дамыту және халыққа жаңа мүмкіндіктер ашу», – деп атап өтті депутат.
Сонымен қатар Нұргүл Тау Қазақстан мен Әзербайжан арасында Каспий теңізінің табаны арқылы өтетін 380 шақырымдық байланыс желісі іске қосылғанына назар аударды. Оның пікірінше, бұл еліміздің цифрлық мүмкіндіктерін кеңейтіп, Еуропа мен Азия арасындағы байланысты нығайтатын нақты жоба.
Депутат Президенттің Арменияға сапары барысында көтерген экологиялық мәселелеріне де тоқталды. Атап айтқанда, COP17 аясындағы саммитте Мемлекет басшысы Қазақстанның жаңа Конституциясында қоршаған ортаны қорғау, табиғи ресурстарға ұқыпты қарау және экологиялық мәдениетті қалыптастыру қағидаттары бекітілгенін атап өткен.
«Осы бағыттағы «Таза Қазақстан» бастамасының маңызы ерекше. Өйткені тазалық дегеніміз – тек сенбілік өткізу немесе қоқыс жинау емес. Бұл – әр азаматтың Отанға, табиғатқа, келер ұрпаққа деген жауапкершілігі және соны ұлттық санаға сіңіру мәдениеті», – деді ол.
Нұргүл Таудың айтуынша, Қазақстан табиғатты қорғау бағытында нақты нәтижелерге де қол жеткізіп келеді. Киік саны 4,7 миллионға, қар барысы шамамен 190 басқа жеткен. Тұран жолбарысын және Пржевальский жылқысын табиғи мекеніне қайта жерсіндіру жұмыстары жүргізілуде.
Депутат Президент көтерген маңызды мәселелердің бірі Каспий теңізінің тағдыры екенін атап өтті. Оның келтірген дерегінше, бір ғасырда Каспий итбалығының саны 1 миллионнан 270 мыңға дейін қысқарған. Осыған байланысты Мемлекет басшысы Каспий жағалауындағы бес елді бірлесіп әрекет етуге шақырып келеді.
«Меніңше, бұл жерде өте маңызды қағида бар: табиғаттың шекарасы жоқ. Экологиялық мәселелерді бір мемлекеттің күшімен шешу мүмкін емес. Сондықтан көрші елдермен бірлесіп жұмыс істеу, ортақ жауапкершілікті күшейту қажет», – деді Нұргүл Тау.
Депутаттың пікірінше, Президенттің Әзербайжан мен Арменияға сапары Қазақстанның сыртқы саясаты тек дипломатиялық кездесулермен шектелмейтінін көрсетеді. Оның артында экономикалық мүмкіндіктер, жаңа жобалар, экологиялық қауіпсіздік және болашақ ұрпақтың мүддесі тұр.
«Біз үшін бастысы – халықаралық деңгейде көтерілген бастамалар нақты іске асып, оның нәтижесін халқымыздың сезінуі. Ал депутаттар тарапынан бұл бағыттағы жобалардың жүзеге асырылуын қадағалау, қажет болған жағдайда заңнамалық қолдау көрсету маңызды деп есептеймін», – деп түйіндеді Нұргүл Тау.
Еске сала кетейік, бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев пен Әзербайжан Президенті Транскаспий талшықты-оптикалық байланыс желісін іске қосқанын, сонымен қатар Мемлекет басшысының Еревандағы Meridian Expo and Event орталығына барғанын хабарлаған болатынбыз.