Экологиялық мәдениетті қалыптастыру Ата заңымызда бекітілген - Арслан Мағзұмов

Бүгін, 15:54
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
Экологиялық мәдениетті қалыптастыру Ата заңымызда бекітілген - Арслан Мағзұмов
Фото: Асланбек Мағзұмовтың жеке архивінен

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев экологиялық мәселелерге үнемі назар аударып, табиғатты қорғау мен биоалуантүрлілікті сақтау мәселелерін халықаралық деңгейде көтеріп келеді. Президенттің Арменияға жұмыс сапары аясында өткен саммитте айтқан ұсыныстары да қоршаған ортаны қорғаудың маңызын айқындай түсті. Астана қаласы мәслихатының VIII-ші шақырылымы депутаты, қоғам белсендісі Арсланбек Мағзұм экологиялық мәселелер және «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясы туралы пікір білдірді, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Оның айтуынша, Мемлекет басшысының әрбір іссапары қандайда бір үлкен жаңалықтарға толы. Арменияға қызметтік сапарында да Президентіміз әлемдік деңгейдегі маңызды мәселелерді көтерді.

«Қасым-Жомарт Тоқаев COP17 аясындағы Биоалуантүрлілік бойынша көшбасшылар саммитінде табиғатты сақтау жөнінде келер ұрпақ алдында ортақ жауапкершілік пен халықаралық күш-жігерді үйлестіру қажет екенін еске салды. Ол жер көлемі бойынша әлемде тоғызыншы орын алатын Қазақстан бірегей биоалуантүрлілігімен ерекшеленетінін еске сала отырып, ел тарихында алғаш рет жоғары экологиялық мәдениет қалыптастыру мемлекеттіліктің негізін құрайтын қағидаттардың бірі ретінде Ата заңымызда бекітілгенін айтты. Табиғат байлығын сақтауда «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясы қолға алынып, бұл қозғалыс бүгінде жалпыұлттық идеологияға айналып келе жатқанын қуанышпен атап өтті. Мемлекет басшысы, сондай-ақ, Қазақстан қазірдің өзінде биологиялық алуантүрлілікті сақтау саласында айтарлықтай нәтижеге қол жеткізгенін мәлімдеді. Бұл тұрғыда нақты көрсеткіштерді атап өтті. Мәселен, елімізде киік папуляциясы 5 мыңға жуықтаса, қар барысын қорғау жұмыстарының нәтижесінде олардың саны 200-ге жақындағаны айтылды.

Президентіміз бұдан басқа Каспий итбалығының жойылып кету қаупіне алаңдап, Теңіз маңындағы бес мемлекет пен халықаралық қоғамдастықты осы түрді сақтап қалу жолында күш жұмылдыруға шақырды. Сонымен қатар, Арал қасіреті табиғи ресурстарды жауапсыз пайдаланудың салдары тым ауыр болатынын еске салады. Каспий теңізінің Арал тағдырын қайталауына жол бермеуіміз қажет екенін айтты», - деді ол.

Сарапшы Президентіміздің әлемдік деңгейдегі үлкен экологиялық мәселелерді саммитте көтеруі көңіл марқайтатынын айтты. Ал елімізде бастау алған «Таза Қазақстан» акциясы экологиялық мәселелерді шешудегі нақты қадамдардың бірі деп санайды.  

«Мемлекет басшысы айтқандай, қоғамда экологиялық мәдениет пайда болды. Қазір байқасақ, қала тұрғындары болсын, ауыл-аймақтың тұрғындары болсын, қалдықтарды кез келген жерге тастауға болмайтынын, оны арнайы орынға төгіп, сұрыптау керек екенін түсіндіріп айтып жататыны осы іргелі жұмыстардың нәтижесі деуге болады», - деп пікірін білдірді ол.