Республика күні қарсаңында «Кітап оқитын ұлт» республикалық марафоны аясында «Саған кітап арнадым» акциясы басталды. Оның мақсаты – кітап оқуды насихаттау, кітап сыйлау мәдениетін қалыптастыру және әдебиетке деген қызығушылықты арттыру, деп хабарлайды Elordainfo.kz Астана әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
«Саған кітап арнадым» акциясы ұлттық мерекені ізгі де мағыналы іспен атап өтуге үндейді. Ол үшін біліміңмен, шабытпен және жан жылуыңмен бөліскің келетін адамға кітап сыйласаң жеткілікті. Бастама кітап оқитын ұлт қалыптастыру әр адамның жеке үлгісінен, әдебиетке деген шынайы қызығушылығынан және кез келген адам жасай алатын қарапайым әрекеттерден басталатынын еске салуды көздейді.
«Республика күні – еліміздің болашағын қалай қалыптастырып жатқанымызды және кейінгі ұрпаққа қандай құндылықтарды аманат ететінімізді ой елегінен өткізетін сәт. Кітап – ерекше сыйлық. Өйткені онымен бірге білімімізді, ойларымызды және әлемге жаңаша көзқараспен қарау мүмкіндігін бөлісеміз. «Саған кітап арнадым» акциясы – кітап оқуды күнделікті өмірдің бір бөлігіне айналдырудың қарапайым әрі мәнді жолы. Кітап адамдардың әңгімелесуіне себеп болып, оларды жақындастырып, жаңа шығармаларды тануға шабыттандырса дейміз. Кітап оқитын ұлттың мәдениеті осындай шынайы әрекеттерден қалыптасатынына сенімдімін», – деді «Кітап оқитын ұлт» қорының атқарушы директоры Аян Сакошев.
Акцияға қатысу үшін жаңа немесе жеке кітапханаңыздағы жақсы сақталған кітапты таңдап, оның алғашқы бос бетіне жылы лебіз жазу немесе алушы мен сыйлаушының аты-жөні көрсетілген ашықхат салу қажет. Сондай-ақ кітапты неліктен таңдағаныңызды қысқаша түсіндіруге болады.
Одан кейін кітапты жақын адамыңызға, досыңызға, әріптесіңізге, сыныптасыңызға немесе курстасыңызға сыйлауға болады. Қатысушылар әлеуметтік желілерде кітаптың тарихын бөлісе алады. Ол үшін кітаптың немесе сыйлықты алған адамның суретін не қысқа бейнежазбасын жариялап, кітап пен оны алған адам туралы әңгімелеу керек. Сонымен қатар марафонның ресми парақшасы @kitap_oqityn_ult белгіленіп, #СағанКітапАрнадым #КнигаДляТебя #BookForYou #Republicday хэштегтері қолданылуы қажет.
Әр қатысушы эстафетаны достарына, әріптестері мен таныстарына жолдап, оларды да бастамаға қосылуға шақыра алады.
«Саған кітап арнадым» – жай ғана сыйлық емес. Бұл – біліммен бөлісудің, жақындарыңа көңіл бөлудің және басқа адамды кітап оқуға ынталандырудың мүмкіндігі.