Болгария астанасы Софияда Қазақстан-Болгария Іскерлік кеңесін құру туралы келісімге қол қойылып, оның алғашқы отырысы өтті. Іс-шараға екі елдің жетекші компанияларының 50-ден астам өкілі қатысты, деп хабарлайды Elordainfo.kz Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Кеңес Қазақстан мен Болгария мемлекеттері басшыларының уағдаластықтарын іске асыру аясында құрылды.

Алғашқы отырыс Қазақстанның Сыртқы сауда палатасы, Болгария сауда-өнеркәсіп палатасы, Қазақстанның Болгариядағы Елшілігі және Қазақстан-Болгария сауда-өнеркәсіп палатасының қолдауымен ұйымдастырылды.
Қазақстанның Болгариядағы Елшісі Виктор Темірбаев жаңа кеңес екіжақты сауданы дамытуға, инвестиция тартуға және бірлескен жобаларды ілгерілетуге мүмкіндік беретінін атап өтті.

Ал «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Басқарма төрағасының орынбасары, Іскерлік кеңестің қазақстандық бөлігінің төрағасы Мұрат Қарымсақов екі ел арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықтың қазіргі жағдайы мен даму перспективаларына тоқталды. Ол ауыл шаруашылығы, ақпараттық технологиялар, көлік және логистика салаларындағы мүмкіндіктерге назар аударды.
Өз кезегінде Болгария сауда-өнеркәсіп палатасының төрағасы Цветан Симеонов Қазақстанның Орталық Азиядағы стратегиялық рөлін және шетелдік компаниялар үшін қолайлы экономикалық саясаттың маңызын атап өтті.

Іс-шара аясында өткен B2B-кездесулерде кәсіпкерлер агроөнеркәсіп, құрылыс, өнеркәсіп, көлік, логистика және IT салаларындағы бірлескен жобаларды талқылады.
Кездесу қорытындысында тараптар тікелей іскерлік байланыстарды нығайтуға және бірлескен инвестициялық жобалар санын арттыруға уағдаласты.

Бұған дейін Қазақстан мен Пәкістан кеден саласындағы ынтымақтастықты күшейтетіні хабарланған еді.