Астанадағы Тәуелсіздік сарайында Көлік министрлігінің қолдауымен Халықаралық азаматтық авиация ұйымының (ИКАО) қамқорлығымен ұйымдастырылған 2026 жылғы Авиациялық қауіпсіздік апталығының ашылу салтанаты өтті, деп хабарлайды Elordainfo.kz министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Әлемдік деңгейдегі бұл іс-шара Қазақстанда алғаш рет өткізіліп отыр. Бұл еліміздің ИКАО-мен халықаралық ынтымақтастығының жоғары деңгейін көрсетеді. Қазақстан авиациялық қауіпсіздіктің халықаралық стандарттарын сақтау деңгейі бойынша әлемдегі жетекші 20 мемлекеттің қатарына кіреді. Халықаралық талаптарды тиімді іске асыру көрсеткіші 95,7%-ды құрайды.
Ашылу салтанатына Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев пен ИКАО Бас хатшысы Хуан Карлос Саласар қатысты.

«Азаматтық авиацияны дамыту халықаралық ынтымақтастық пен тәжірибе алмасуды талап етеді. Біз халықаралық әуе бағыттарының желісін жүйелі түрде кеңейтіп келеміз. Авиация саласының болашағына сеніміміз зор. Қазіргі уақытта сала қарқынды даму кезеңінде: соңғы алты жылда алты есе өсім байқалды. Мемлекет саланы дамыту бағытындағы жұмысты жалғастырады. Барлық қатысушыларға жемісті жұмыс, пайдалы пікірталастар және ICAO Aviation Security Week 2026 іс-шарасының табысты өтуін тілеймін», – деді Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев құттықтау сөзінде.

«Біз азаматтық авиация қызметіне заңсыз араласу актілерін және олардың салдарынан адам шығынына әкелетін жағдайларды толықтай болдырмауға тиіспіз. Біз авиациялық қауіпсіздіктің барлық деңгейін нығайтып, мемлекеттердің әрбір рейстің қауіпсіздігін бірлесіп қамтамасыз етуі үшін барлау деректерімен және басқа да аса маңызды ақпаратпен алмасуды қамтамасыз етеміз», – деді ИКАО Бас хатшысы Хуан Карлос Саласар шараның ашылу салтанатында.
Авиациялық қауіпсіздік апталығының алғашқы күні мемлекеттер мен серіктестердің жаһандық авиациялық қауіпсіздікті нығайтуға қолдауын көрсететін серіктестік пен міндеттемелерді растау рәсімі өтті.
Рәсім барысында Америка Құрама Штаттары ИКАО-ның Авиациялық қауіпсіздік бағдарламасына қаржылық қолдау көрсету ниетін жариялады. Сонымен қатар ИКАО мен Астана халықаралық әуежайы басқарушылық қызметтер көрсету туралы келісімге (Management Service Agreement) қол қойды.
Авиациялық қауіпсіздік апталығы әлемнің 62 елінен келген авиациялық билік органдарының, реттеуші мекемелердің, халықаралық ұйымдардың, әуежайлардың, авиакомпаниялардың және сарапшылық қоғамдастықтың өкілдерін біріктірді. Қатысушылар қатарында Бразилия, Венгрия, Италия, Канада, Біріккен Араб Әмірліктері, Португалия, АҚШ, Таиланд, Франция, Эфиопия және басқа да мемлекеттердің өкілдері бар.
Спикерлер қатарында Канада Көлік министрлігінің (Transport Canada), АҚШ Көлік қауіпсіздігі әкімшілігінің (TSA), Сингапур Көлік министрлігінің, Африка және Латын Америкасы азаматтық авиация комиссияларының, ИКАО Кеңесі мен Хатшылығының, сондай-ақ Еуропа, Африка, Азия және Америка елдерінің ұлттық авиациялық билік органдарының жоғары лауазымды өкілдері бар.
Үш күн бойы қатысушылар жаһандық авиациялық қауіпсіздік жүйесін дамытудың негізгі сын-қатерлері мен перспективаларын талқылайды.
ИКАО Авиациялық қауіпсіздік апталығының бағдарламасы осы саладағы өзекті мәселелерге арналған жоғары деңгейдегі бірқатар пікірталас сессиясын қамтиды.
Атап айтқанда, сессияларда соңғы 25 жылдағы әлемдік авиациялық қауіпсіздік жүйесінің жай-күйі, электрондық коммерцияның қарқынды дамуы жағдайында әуе жүктері мен пошта тасымалдарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету, сондай-ақ қарулы қақтығыс аймақтарының үстінен және оларға жақын әуе кеңістігінде ұшуларды орындау мәселелері қарастырылады.
Азаматтық авиацияның киберқауіпсіздігіне, аудит қорытындылары бойынша берілген ұсынымдарды іске асыру тиімділігін арттыруға, Авиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің жаһандық жоспарын (GASeP) орындауға, қауіпсіздік жүйелерін жаңғыртуға және саланың кадрлық әлеуетін дамытуға ерекше назар аударылады.
Арнайы іс-шаралар аясында ИКАО, БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің Терроризмге қарсы комитеті Атқарушы директораты (UNCTED) және БҰҰ Терроризмге қарсы басқармасының (UNOCT) бірлескен іс-шарасында ұшқышсыз авиациялық жүйелерді заңсыз пайдалануға қарсы іс-қимыл мәселелері талқыланады.
Сонымен қатар авиациялық қауіпсіздік саласына әйелдердің қатысуын кеңейту және ИКАО-ның авиациялық қауіпсіздік саласындағы мамандардың жаңа буынын даярлауға бағытталған жаңа стратегиясын (NGAP AVSEC Strategy) іске асыру мәселелері қарастырылады.
Апталықтың ашылу салтанаты барысында 2024 жылғы желтоқсанда ИКАО Авиациялық қауіпсіздік апталығын қабылдаған Оман Сұлтандығынан Қазақстанға іс-шараны ұйымдастырушы елдің символикалық мүсіншесін табыстау рәсімі өтті.
ИКАО-ның 2026 жылғы Авиациялық қауіпсіздік апталығы 2027 жылы Монреаль қаласында (Канада) өтетін Авиациялық қауіпсіздік жөніндегі үшінші жоғары деңгейдегі конференцияға (HLCAS/3) дайындықтың маңызды кезеңіне айналады.
Іс-шара 22 қазанда «Астанадан жолдаулар» (Messages from Astana) атты қорытынды сессиямен аяқталады.
ИКАО Авиациялық қауіпсіздік апталығы (ICAO Security Week) 2001 жылдан бері әлемнің түрлі елдерінде Халықаралық азаматтық авиация ұйымының қамқорлығымен өткізіліп келеді. 2024 жылы Оманда өткен соңғы іс-шара барысында жоғары деңгейде «Авиациялық қауіпсіздік және авиациядағы киберқауіпсіздік жөніндегі Маскат декларациясы» қабылданды.





