Астаналықтар Республика күніне орай балкондарын мемлекеттік тумен безендірді

Бүгін, 18:02
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
Астаналықтар Республика күніне орай балкондарын мемлекеттік тумен безендірді
Фото: Астана қаласы әкімдігі

Елорданың «Сарыарқа» және «Байқоңыр» аудандарында Республика күні қарсаңында «Менің Қазақстаным!» патриоттық акциясы өтті. Бастама аясында екі ауданның көпқабатты тұрғын үйлерінің балкондары мен көшелеріне Қазақстанның 200-ден астам туы ілінді, деп хабарлайды Elordainfo.kz Астана әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Бастаманы елордалық жастар, «Сарыарқа» және «Байқоңыр» аудандарының тұрғындары, сондай-ақ «Әділет» партиясының «Жастар рухы» жастар қанатының өкілдері қолдады. Қала тұрғындарының белсенді қатысуының арқасында Қазақстанның тулары тұрғын үйлер мен көшелерді безендіріп, ұлттық мереке қарсаңында ерекше көңіл күй сыйлады.

«Менің Қазақстаным!» челленджі жыл сайын өткізіліп, елорда тұрғындарын Отанға деген сүйіспеншілік пен мемлекеттік рәміздерге құрмет идеясы төңірегінде біріктіреді. Акцияға тұтас отбасылар қатысып, балкондарын Қазақстанның туымен безендіреді.

Еске салайық, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, азаматтар патриоттық сезімдерін білдіру үшін Мемлекеттік туды белгіленген орналастыру және пайдалану талаптарын сақтай отырып қолдануға құқылы.